07 Ақпан, 2015

Жаңа антология жарық көрді

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
антология-2 Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың көрмелер залында «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзиясы антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлт руханиятының игі шарасына әдебиет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Атырау облысы әкімдігінің тапсырысымен және қолдауымен жарық көрген көлемді еңбекті қалың оқырман қауымға «Мереке» баспасы сыйға тартып отыр. Қазақтың кітап басу тарихында тұңғыш рет 1977 жылы екі томдық қазақ кеңестік поэ­­­зиясының антологиясы және белгі­лі әде­биет­танушы Сауытбек Абдрахманов құрас­тырып 2007 жылы «Раритет» баспасынан ш­ы­ғарған екі томдық авторлық антология­дан бас­қа бұрын-соңды қазақ халқының арғы тарихындағы белгілі жырау бабаларымыздан бастап бүгінгі жас таланттарға дейінгі ара­лықты мейлінше толық қамтыған кө­лемді еңбек оқырман қолына тимеген еді. 10 томдықтың алғашқы томы ұлы бабамыз тасқа қашап жазып кеткен да­нышпандық жырлар мен Түрік қағанатын құрған Құтлығ қағанның ұлы Күлтегін қағанның ел шежіресінен басталады. Шығарманың еркін әдеби нұсқасын белгілі ақын Темірхан Медетбек жасаған. Қазақ поэзиясында өзіндік із, қайта­ланбас қолтаңба қалдырған 678 ақынның шығармаларын топтастырып, 3000 дана таралыммен жарық көрген осынау жыр жәдігерінің әр томы көркем безендіріліп, әрбір ақынның бейнесі суретші Алтай Айтжановтың қылқаламымен шебер салынған. Антологияны қазақтың белгілі қаламгерлері Мереке Құлкенов пен Гүлсім Мұқышева құрастырып, алғысөзін ақын Темірхан Медетбек жазған. – Бұл он томдықты ұлт руханиятындағы зор жаңалық деп білеміз. Қазақтың мәдени өміріндегі айтулы құбылыс. Антологияның көркемделуі де көз жауын алған әсем, алтынмен аптап, күміспен күптелген. Қағазы да ерекше, көз қарықтырмайды. Об­лыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бауы­рымыздың антологияның ойдағыдай шығуына қосқан үлесін тек азаматтық деп қана емес, үлкен ерлік деп бағалап отырмыз. Парақтап көз жүгірткен адамға бұл – үл­кен жұмыс, зор шаруа, бір институт жасай­тын ауқымды еңбек. Айтары жоқ, құрас­тырушылар мен баспа қыз­­меткерлері ауыз толтырып айтуға да, мақ­­тануға да тұрарлық іс тындырған, – деп аталмыш еңбекке баға берді Ұлттық кітап­хана басшысы, белгілі жазушы Әлібек Асқаров. – Қазақ ақындарының басын құрап, он томдық жинақ шығару жөнінде Бақтықожа Ізмұхамбетов бастама жасаған болатын. Содан кейін ақындардың шығармаларын жинау, іріктеу, баспаға дайындау жөнінде көптеген жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде тұңғыш рет осындай он томдық жарыққа шығып отыр. Онда қазақ тарихындағы жыраулардан бастап қазіргі ақындардың басым бөлігі қамтылды. Бұл көлемді жинақ өмірден өтіп кеткен жыр жампоздарына көрсетілген ерекше құрмет деп есептейміз. Сондай-ақ, бүгінгі таңда әр өңірде жүрген ақындарға да жасалған үлкен қолдау болады деп ойлаймын, – деді белгілі қаламгер Мереке Құлкенов. Қазақ әдебиетінің деңгейін жаңа сапа­лық белеске көтерген туындының бір бө­лі­гі авторларға тегін таратылды, қалған бө­лі­гі еліміздің кітап дүкендеріне саудаға түспек. Антологиялық бұл еңбек қазақ поэзия­сын зерттеуші ғалымдар мен сыншылар үшін де, ұлттық мәдениетіміздің кесек шы­ғар­маларын тұшынып оқитын бұқара қауым үшін де үлкен рухани байлық болмақ. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.