Тұлға • 14 Ақпан, 2025

Шахтада шыңдалған шайыр

123 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Иә, әдебиетсүйер қауым әңгіме қазақ поэзиясының бір биігіне айналған Жұмекен Нәжімеденов жөнінде екенін бірден аңғарған да шығар. Жиырма бір жасында Қазақ елінің әнұранын жазған жауһар жырдың иесіне биыл тоқсан жыл толады. Онымен қоса осы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Біз осы жайларды ұштастыра отырып, ақынның Қарағанды облысы мемлекеттік архивінің алтын қорында сақтаулы тұрған жұмыс картасын оқырман назарына ұсынбақпыз.

Шахтада шыңдалған шайыр

Ақын-жазушылар қаламын суытып алмас үшін газет-­журналда, телеарна мен радиода, театрда жұмыс істеуі керек деген түсінік қалыптасқан. Небір шайыр­лардың шығармашылыққа қатысы жоқ қызметтерді атқарғанын да өмір­баян­дарынан білеміз. Ал жауһар туын­дыны жалғанның жа­ры­ғына шығару үшін ол туралы етене зерттеп барып, қолына қалам алған жазушыларымыздың да сол жазғандары классикалық дүниеге айналды. Қарағанды шахталары, көмір бассейндері көптеген қаламгерге тың тақырып болды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин Қарағанды туралы роман жазу үшін жеті қат жер астындағы кенші ғұмырын байыптап, зерттеді. Әбдіжәміл Нұрпейісов әйгілі «Қан мен тер» романын жазар алдында балықшылардың қасынан шықпапты. Осы секілді жете зерттеліп жазылған шығармадан қашанда зерделі дүние туа­тыны жаздың жарық күніндей ақиқат.

Жұмекен Сабырұлының Қарағанды шахтасында ізі қалды. Қос қолына қайла ұстап, кен қазды. Есесіне кемел өлең жазды. Кеншінің ерен-ғайып бейнетін ақ қағазға түсірді. Поэзиясының бір желісіне көмір­лі Қарағанды арқау болды. Қарағанды­ның қайсар кеншілері, солардың жалын жүректері өлеңінде өте әсерлі өріледі.

«Бұл өмірдің лапылдаған,

Бар жалыны – лаваларда.

Сол жалынға жер үстінде,

Жалғыз теңеу табылар ма?»,

деп жырлайды Жұмекен. Еңбек әнұранын Жұмекенше жырлап кеткен Жұмекеңнің өзі ғана. Тағы бірде ол былай жазады:

«Қайла. Күрек. Көмір қара, көз қара,

Мөлтілдер тек аппақ тамшы сүт-шамдар.

Алақанын алдырыпты бозбала,

Алқынды шал… ащы ауаны жұтпаңдар!»,  деп тебіренеді ақын. Жұмекен ақынның Қарағанды жайында жазған жырларында қарапайым кеншілердің қажыр-қайратын сарп еткен маңдай тер еңбегі айшықты көрініс табады.

«Ежелгі менің арманым

 – шахтер боп шығу болатын.

Қиялмен шарлап лаваны,

Жүрекке шаттық толатын.

Қолымда, міне, жолдама,

Жарқ етті сол бір арманым.

Тұрыңдар, достар қатарға,

Шахтаға мен де барамын».

Бұл – Жұмекен Нәжімеденовтің 1955 жылы шахтаға еңбекке қабылданған кезде жазған өлеңі.

Жұмекен Нәжімеденов 1955–1956 жылдар аралығында Қарағанды қаласындағы №33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істеген. Архивтің алтын қорындағы құнды құжаттың бес жылға берілгендігі жазылған. Мәтіні келесідей. «Нажимеденов Жумекен Сабырович. Национальность – казах. Место рождения: область – Гурьевская обл. Денгизский район» деген жазулар анық көрінеді есеп парағында. «Паспорт выдан – Денгизский район» деген жазулар да көзге ұшырасады. Ал қалған жазу сиясы сарғайған қағазбен бірге көмескі тартқан.

– Естуімізше Жұмекен сан қырлы адам болыпты. Қарағандыға келіп, көмір өндірісіне үлкен үлесін де қосқан. Оны біздің архивте сақталған дәйекті құжат дәлелдейді. Оны көздің қарашығындай сақтап келеміз. Шахтада жұмыс істегенін дәлелдейтін №394 бұйрық – атақты ақын­ның кенді өлкедегі өміріне қатысты ең қымбат асыл қазынамыздың бірі. Соңғы кезде іздеушілер қатары көбейіп келеді. Жұмекен ақынның жалынды жастық шағының куәсі болып табылатын құнды құжаттары өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетуге тұрарлық тарихи дерек, – дейді мемлекеттік архив қызметкері Нұрғайша Қабдиева.

Шахтада еңбек ете жүріп ол 1956 жылдың ақпан айында қарағандылық жастармен бірге Мәскеуге барып, кәсіподақтың бүкілодақтық байқауына қатысады. Мәскеу сахнасына шығып, күй шертіп, көпшілікті тағы бір тәнті еткен көрінеді. Осы бір сәтті сапар Жұмекен ақынның өнердегі жолын ашыпты. Бұған басты себепкер болған «Майқұдық» шахтасының сол кездегі кәсіподақ басшысы Әукебай Кенжин деген азамат көрінеді. «Сенің орның шахта емес, консерватория екен. Дарыныңды қор қылмай астанаға аттан» деп кеңес беріпті. Сөйтіп, шахтада әлі де бір-екі жыл жұмыс істеуге келісімі бар жас Жұмекенді жоғары орындарға барып жүріп, зордың күшімен босатып алып, Алматыға шығарып салыпты. Белгілі қаламгер Құлтөлеу Мұқаш 1991 жылы ақпан айында «Лениншіл жас» газетіне жарияланған «Жұрт білмейтін Жұмекен» деген материалында бұған толығырақ тоқталады.

Жұмекеннің мұрасын зерттеуші Марат Азбанбаев та шаң басқан архивтерді ақтарып-теңгеріп жүріп, құнды деректерге қол жеткізді. Ол онысын қаттап, «Менің Қазақстаным – Жұмекен» деген жинағын жарыққа шығарды. Зерттеуші көбіне Жұмекен мен Қасым поэзиясындағы үндестікті тамыршыдай тап басады. Ол туралы өзі былай дейді:

– Жас Жұмекеннің ақын Қасым Аманжоловтың «Ақын мен шахтер» атты өлеңін оқып, кеші болуды көңілінде ар­ман етуі де заңды құбылыс. Өйткені Қасым өлеңінде ақындыққа құмарларға айтқан ескертпесі бар емес пе: «Шахтер болмай, Шабыт қонбай, Аша алмассың жыр кенін», деген. 1948 жылы жазылып жария етілген Қасымның «Ақын мен шахтер» өлеңін газет-журналды, ақындардың жаңа шыққан жыр жинағын құр жібермейтін сауатты, саналы оқырман Жұмекеннің оқуы әбден мүмкін деп санаймыз. Сонымен қатар Қасым өлеңінде «Бізбен бірге түс тереңге, Талабыңның түр жеңін. Сырты жарқын, іші салқын, Қойсаңшы құр сызуды; Тоңба өзің, Болсын сөзің, тас көмірдей қызулы» деп жастарға үн қатқанда Жұмекен жүрегі қалыс қала ма? Әрине, «жер құлар, мерт қылар» деп қорықпай ол Қарағанды барды, кен шахтасын өмірдің қазып беріп, мәңгі өлмес, артқыға ой саларлық жыр жазып кетті. Жұмекеннің поэзиядағы ағасы Қасымның «Ақын мен шахтер» өлеңінде айтылмай қалған сырының, тартылмай қалған күйінің жалғасы іспеттес Қарағанды туралы «Еске алып едім» деп басталатын өлеңі бар. Біздің мұрағаттан кездестірген деректеріміз бойынша ой өлшесек Жұмекеннің бұл өлеңі адам баласының жер бетіндегі тірлігінің трагедияға толы тағдыр-талайына арналған шығарма деуге заңды негіз барлығын дәлелдеу болашақ ісі, – дейді М.Ақторғайұлы.

Қазақ поэзиясының қара нарына айналған Жұмекен қара еңбектің де қазанынан қайнап шығады. Жұмекен қаламындағы Қарағанды осылайша өлмес өлеңге айналды...

 

Қарағанды облысы