Рас. Біз – Толағай сынды тау қопаратын бір ұлды аңсаған елміз. Сондай Толағай текті ескерусіз оғланның бірі һәм бірегейі – Ыбырайым Сүлейменов. Ыбырайымның батырлығы сонау соғыс жылдары майдандағы сарбаздардың Жамбыл Жабаевқа жазған хатында былай көрсетіліпті:
«Қырағы қырдың қыраны,
Даланың ор қояны,
Таудың жүйрік бұланы,
Немістерді екі жүз,
Отыз тоғыз өлтірген
Сүлейменов Ыбырайым
Қазақтың батыр ұланы».
Әрине, бұл – жыр. Жырға татитын Ыбырайымның жүріп өткен иір-қиыр жолдары не дейді?
Ыбырайым 1911 жылы Сарысу ауданының «Қызыл күншығыс» ұжымшарында (қазіргі Байқадам ауылы) туған. Соғысқа аттанғанға дейін Жамбыл ауданындағы Жамбыл МТС-інде тракторды тізгіндеген. 1941 жылдың күзінде Жамбыл қаласынан әскерге шақырылып, Алматыға жөнелтілген. Онда 100-жеке атқыштар бригадасының құрамының 2-батальонында мергендікке шыныққан. Командирі капитан Ф.Ушаков, комиссары капитан Р.Ашкеев болған. Сол кездің өзінде Ф.Ушаков Ыбырайымның батырлығын танып: «Біздің Сүлейменовке ешкім тең келмейді. Отан соғысында қазақта Сүлейменовтен асқан мерген жоқ. Біздің Сүлейменов Кеңес Одағының батыры болады», депті.
Ұстаздан осындай баға алған Ыбырайым 1941–1942 жылдың қысында Мәскеу түбінде қорғаныс шебінде аттанады. Иір-қиыр жолдар... Сүлейменов сапында болған 100-бригада Калинин майданының құрамында Псков облысын азат етуге қатысады. Ондаған елді мекенді қан кешіп жүріп азат етеді. Приездово, Дроздово, Тройня, Плеханово және Молоой Туд деревнясы үшін болған жан алысып, жан беріскен шайқасқа қатысады. Осы ұрыста 79 фашисті жер жастандырғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Великие Луки түбіндегі шайқаста бір өзі 60 фашистің көзін жояды. Осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені беріледі. 239 фашистің көзін жойған сұрмергенге арналып, «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурыздағы саны жарық көреді. Осылайша Ыбырайымның батырлығы бүкіл майданға жария болды. Одан әрі қарай жылжыған батырлар Невель қаласы үшін шайқасады. Осы шайқаста немістің 42 әскерін о дүниеге аттандырып, батыр Ыбырайым ерлікпен қаза табады. Бұл қазан айының 15-і еді.
Ыбырайым батыр туралы деректерді қарап отырсаңыз, біраз жайға қанығасыз. Ыбырайымның атына сонау Невель қаласында көшенің аты беріліпті. Ыбырайыммен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова, қазақтың белгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықов бірге соғысыпты. Оның арпалысты жолдарының ақтық нүктесі де өзгеше қойылған. Невель қаласында қазақтың мақтанышы Мәншүк екеуі бір күнде опат болған. Қайғының қара бұлты қазақтың екі аптал азаматының жүзін жапқан. Ажал екеш ажал да бір ұлттың қос мақтанышын бір күнде алып кеткен. Бұл жөнінде Ахметқазы Булатовтың дерегіне қараңыз:
«1941 жылдың қазан, қараша айларында Алматыда 100-дербес қазақтың атқыштар бригадасы құрылды. Соның 2-батальонының командирі Ф.Ушаков, штаб бастығы О.Сырлыбаев болатын. Марқұм Ыбырайым осы бригаданың снайперлер бөлімінде болды. Жаттығу кезінде командиріміз Сүлейменовті жиі мақтап, «мерген болсаң, Сүлейменовтей бол» деуші еді. Ыбырайым соғыс әдістерін – шабуылда да, қорғаныста да, барлауда да дәлдікпен, ақылмен орындайтын. Ол өзі алпамсадай денелі, қызыл шырайлы, көп сөйлемейтін салмақты, мінезі қасындағы жауынгерлерге үлгі еді. Біздің бригада Апрельское, Погорелое, Городище, Старица, т.б көптеген елді мекенді басып, жаяу ауыр жорықтарды бастан өткерді. 1942 жылдың ызғарлы күзінде Солижарово мен Ржев арасында майданның алдыңғы шебі жаудың қыстық бекінісіне келдік. 39-Армияның құрамында болдық. Келген бетте 12 елді мекеннің бекінісін талқандадық. Осы бекіністерді бұзуда Ыбырайымның еңбегі көп болды. Пулемет пен жабық зеңбіректерді алға бастырмай тұрған кезде оларды дәлдікпен атып, жаудың көзін жойып батальонға жол ашып отырды. Осыдан бастап, оның ерлігі күн санап арта берді. Екі иығына екі винтовка, біреуі СВТ, біреуі бесатар, оптикалық прибор, екі қап, бірінде оқ дәрі, бірінде керек-жарағы болушы еді. Орыстың сықырлаған сары аязында «өзінің аң аулаған» кәсібімен мергендік есеп кітапшасын толтыра бастап еді. Ол өлтірген жау 50-ден асып кетті, оның ерлігіне «За боевые заслуги» медалі берілді. Марқұмның атағы екінші кіші Сталинград деп аталған Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста ерекшеленеді. 15 тәулікке созылған бұл соғыста өлтірген фашистің санын 180-ге жеткізді. 1943 жылы ақпан айында Невель бағытына шықтық. Қазанның 14-інен 15-іне қараған түнде біздің бригада Невель қаласынан 15 шақырым қашықтықта жатқан Изочи стансасын алуға бұйрық алды. Осы ұрыста амал қанша жау снарядының жарықшағы тиген Ыбырайым қаза болды. Бұл шайқаста арттан көмек жете қоймай, жау бізді біраз шығынға ұшыратты. Мәншүк Мәметова сол күні қайтыс болды. Бірақ оны сол түні жерлей алмадық, мүмкіндік бермеді. Есіл ер Ыбырайымның денесін жеке арбаға салып Невель қаласының ортасына жеткізіп зиратқа қойдық. Невель қалалық кеңесі батырды мәңгілік есте сақтау үшін бір көшенің атын берді. 1979 жылы барғанда сол көшенің бойында кездескен адамнан бұл көшенің атының кімге берілгенін сұрағанымызда, «Білеміз, осы қала үшін жанын қиған қазақтың атақты мергені» деді. Ал бізді осы соғыстан кейін таратып, бригададан дивизия жасап, басқа фронтқа ауыстырып жіберді. Тарап кеткен соң Мәншүкке де, Ыбырайымға да «Кеңес Одағының батыры» атағы берілмеді. Мәншүкке 6 айдан кейін М.Ғабдуллиннің жоқтауымен батырлық берілді».
Рас, бұл хат та біраз дүниенің бетін ашады. Невель қаласында бір бұрылыс пен бір көшенің аты Ыбырайымның атында болуының өзі – мақтаныш. «Кеңес одағының батыры» атағын мемлекет бермегенімен, сол тұста жергілікті халық Сүлейменовті құрметтеп өз қаласынан бір көшенің атын берген. Әлі де құрметтей берері сөзсіз.
Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігін үзбей насихаттаған жауынгер-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында жазған бір мақаласын оқып отырып, жеңісті жақындату жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай жаумен шайқасқан кешегі ересен ерлерді еріксіз еске алдық. Солардың көбінің есімдері көмескіленіп бара жатқаны белгілі. Ыбырайым сияқты 239 фашисті жалғыз өзі жайратқан қазақтың қас батырының өзіне лайықты «Кеңес одағының батыры» атағын ала алмай кеткеніне ішіміз удай ашыды. Өйткені дәл осы атаққа қырған жауы жүзге жетпеген талай жаяу әскер ие болыпты. Оған көз жеткізу үшін 1987–1988 жылдары Мәскеудің әскери баспасынан жарық көрген «Герой Советского Союза» деген екі томдықты ақтарып шықсаңыз жеткілікті. Мысалға:1) Артемьев Иван Тимофеевич. Руский. Пулеметчик. Огнем своега пулемета уничтожил более 30 солдат и офицеров пр-ка (І томның 78-79 беттері); 2) Архипов Василий Степанович. Руский. Пулеметчик. При отражении контракаки пр-ка уничтожил несколько десятков гитлеровцев (І томның 81-беті); 3) Белоусов Павел Александрович. Руский. Автоматчик. Уничтожил несколько вражеских солдат (І томның 146-беті), 4) Блажкун Андрей Федорович. Украинец. Стрелок. В рукопашной схватке уничтожил несколько гитлерцев (І томның 146-беті).
Қанша булықсаңыз да шындық – осы. Соңғысынан өзгесі – пулеметші мен автоматшылар. Жалғыз оқты снайпер винтовкасына қарағанда бұл қарулардан жауға оқты қарша боратуға болатынын ескерсеңіз, сұрмерген Сүлейменовтің ерлігі көз алдыңызда биіктей беретіндей. Осы көңілге қаяу түсірген олқылықтың орнын 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев толтырып, батыр Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын бергізді.