Жұмысшы мамандықтар жылы • 14 Ақпан, 2025

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

149 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандағы еңбек нарығын негізінен жұмысшы мамандар құрайды. Статистика бойынша елімізде жұмыс істейтін мамандардың жартысынан көбісінде (52%) кәсіби немесе техникалық білім бар. Дегенмен, соған қарамастан таяу болашақта жұмысшыларға деген сұраныс арта түседі.

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Кәсіпкерлер мен сарапшылардың да пікірі осындай. Шымкенттегі Danico балалар киімі цехының өкілдері жастарды жұмысшы мамандығын меңгеруге шақырады. Олардың айтуынша, жалпы нарықта, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпте мамандар тапшылығы байқалып отыр.

«Президенттің 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны осы саланың дамуына серпін береді деп сенеміз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, әсіресе, жұмысшы мамандығының еңбегі насихатталса, жастар осындай мамандыққа көптеп келер еді деп сенеміз. Себебі, біздің цехтың өзіне мықты мамандарға деген қажеттілік туындап жатыр. Тігінші-пішуші деген мамандық бар. Оны игеру үшін адам сол салаға қызығу керек. Жалпы тігін цехында жұмыс көп, біздегі тапсырысты орындауға шеберлер жетіспейді. Бұл кәсіпте нәсібіңді табу қиын емес. Әсіресе, қыз балаларына арналған нағыз кәсіп», дейді құрастырушы технолог Зәуре Алиева.

Бұл тігін цехы 2020 жылы ашылған. Жаңа туған нәрестелерден бастап 3 жасқа дейінгі балаларға арналған киімдер, төсек жабдықтары тігіледі. Өндірісте 100 пайыз мақта маталары қолданылады. Кәсіпкер өз ісін бастамас бұрын бұл саланы жақсылап зерттеп алғанын айтады.

«Бұл салада сұраныс көп екенін байқадық. Себебі, балалар тез өседі, тез киім ауыстырады, ата-аналарына үнемі жаңадан киім алу қажет болады. Еліміздің патриоты болғандықтан, отандық тауарларымыз көбейсін деген оймен осындай кәсіпті аштық. Айына 12 мың дана өнім дайындап шығарамыз. Қазіргі таңда цехымызда 23 адам жұмыс істейді. Жұмысшылар табуда Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының көмегі көп. 2023- 2024 жылдары екі жыл қатарынан цехымызда 3 айлық курс өткіздік. Содан жалпы саны 50 шәкірт оқып шықты. Олар тігін саласының теориясымен қатар тәжірибесін де меңгеріп, арасынан 10 адам, міне, бүгінде біздің цехта жұмыс істеп келеді»,  дейді кәсіпкер Нүркен Өтегенов.

Жауапты мамандар Жұмысшы мамандықтар жылында білім беру жүйесі мен мамандардың біліктілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады деген пікірде.

«Қазіргі таңда өңіріміздегі 400-ден астам кәсіпорын дуальды оқыту жүйесіне қатысуда. Жалпы саны 24 колледже 8 мыңға жуық шәкірт 25 сала мен 75 мамандық бойынша осы жүйемен қамтылған. Осының нәтижесінде студенттер өз мамандығының теориясын ғана емес, практикалық біліктіліктерін де үйреніп, кәсіпорындарда іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Жалпы, Кәсіпкерлер палатасы мен қаламыздағы білім беру ұйымдары білікті мамандар әзірлеп, экономиканың барлық саласын дамытуға негіз болатын мықты әрі тұрақты жүйе құру бағытындағы жұмысты жалғастыра түседі», деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өңірлердегі кәсіпорындардағы мамандар қажеттілігіне мониторинг жүргізеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.kz платформасындағы бұл мониторинг еңбек нарығының қажеттілігін нақты анықтауға және техникалық және кәсіби оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға көмектеседі. Нәтижесінде білім беру ұйымдары мен оқу орталықтары өз бағдарламаларын кәсіпорындардың сұранысына орай бейімдеп, маман дайындаудың сапасы арта түседі.

Соңғы жаңалықтар

Атаулы жылдағы ауқымды шаралар

Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 09:50

Жаңақорғанда макарон шығады

Өндіріс • Бүгін, 09:35

Дегдар сөз иесі

Жансарай • Бүгін, 09:30