
Жиынды ашқан Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова Президент салық жүйесіндегі өзгерістерді әзірлеу кезінде бизнестің пікірін ескеруді тапсырғанын еске салды.
Өз кезегінде Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Б.Құдайбергенов Үкіметтің ұсыныстары туралы баяндады.
«Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен мөлшерлеменің бірі саналады. ҚҚС табыстың маңызды көзі болып табылатынына қарамастан 2022 жылы ол жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) тек 4 пайызын құрады, бұл салыстырмалы кіріс деңгейі 7% болатын елдер бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Қосымша құн салығын нығайту кірісті арттырып қана қоймай, құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтады және елдің инфрақұрылымы мен индустрияны дамыту бағдарламасын қаржыландыруға сеп болады», деді вице-министр.
Сала өкілінің айтуынша мемлекеттік органдар ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесін 16%-ға дейін ұлғайтуды, ал кейбір салалар үшін төмендетілген мөлшерлемені 10% мөлшерінде енгізуді ұсынып отыр. Дегенмен, бұл салалардың тізбесі әлі нақты айқындалмаған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді салықтан толығымен босату жоспарда бар. Денсаулық сақтау саласы үшін салық жүктемесін азайту да қарастырылу үстінде.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өңірдегі бизнес-қоғамдастықтың атынан сұрақтар мен ұсыныстарын жеткізді. Олар салық жүктемесінің артуына алаңдаушылық білдіріп отырғанын жасырмады.
Нақты айтқанда, Шымкент қалалық Өңірлік кеңестің мүшесі, «Керемет-Оңтүстік» бөбекжай-балабақшасы» ЖШС басшысы Диана Караманова әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерді ҚҚС-тан босатуды немесе қызметтердің қолжетімді болуы үшін салықтық жеңілдіктер беруді ұсынды. Ал «Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жеке клиникалар қауымдастығының» басшысы Әнуарбек Маймақов медицина саласы бойынша ҚҚС мөлшерлемесін 10-20% көтеру медициналық көмектің қолжетімділігін қиындатуы мүмкін екенін атап өтті.
Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестің мүшесі Дәулет Қанашаев ҚР Салық және кәсіпкерлік кодекстеріне өзгерістер енгізу кезінде жеңіл өнеркәсіптің ерекшелігін ескеру керектігіне тоқталды. Соған байланысты ол қызметкерлердің орташа жылдық саны 500 адамнан асқан жағдайда ғана ірі кәсіпкерлік санатына ауысуды белгілеуді, ал орташа жылдық табыс көрсеткіштерін өзгеріссіз қалдыруды ұсынды.
Барлық сұраққа жауап берген Бауыржан Құдайбергенов жиынды қорытындылай келе кәсіпкерлер ұсынысы алдағы жұмыс барысында ескерілетініне сендірді.