
Әулиеаталық делегацияны бастап барған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова шетелдік әріптестерінің құрметі бөлек екенін айтты.
«Халықаралық көрменің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға Орта Азия, Оңтүстік Азия елдері және Дүниежүзілік қолөнершілер тізіміне енген қалалардың қолөнершілері қатысты. Солардың арасында Қазақстанның ұлттық қолөнері ерекше бағаға ие екенін аңғардық. Әрине, бұл мемлекетіміздің жан-жақты қолдауының нәтижесі екені даусыз. Төрт күнге созылған халықаралық шара аясында біздің шеберлер өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып қана қоймай, төл мәдениетіміздің дамуына да зор үлес қосты», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға арнайы қатысқан тараздық Анар Бексұлтанованың айтуынша, белгілі мамандардан бөлек, жергілікті халық та туындыларды жоғары бағалап, қызығушылық танытқан.
«Біз қолөнершілердің дүниежүзілік тізіміне ұлттық киімдер арқылы енгенбіз. Сондықтан осы көрмеге өз тарапымыздан төрге ілетін түскиіз, сырмақ, ұлттық киімдеріміз – шапан, жадағай, киізден жасалған аяқ киім, бас киім, сөмке түрлерін апардық. Барлығы дерлік сарапшылардың қызығушылығын туғызды», дейді ол ағынан жарылып.