07 Ақпан, 2015

Шаңғы жолы жастарға тегін жаттығуға берілді

580 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алатаудың баурайында ен байлық пен игілік жатыр.  Ебін тапса, табиғаттың талай сыйын ел игілігіне қызмет еткізуге болады.  Соның бірі – «Сұңқар» халық­ара­лық шаңғы трамплиндері кешенінің аумағы болатын. Мұнан былайғы жерде осынау спорттық инфрақұрылым халыққа қызмет ететін болады. Енді шаһардағы аталмыш шаңғы жолы алматылықтардың игілігі үшін жұмыс істейді. Бұл туралы Алматы әкімінің кеңесшісі Павел Новиков жаңа нысанның тұсаукесер брифингінде оның әлеуметтік бағытқа ие екендігін атап өтті. Спорттың шаңғы түрлерін өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға жете мән берілуде. Мысалы, жаңа нысанды кәсіби спортшылармен қатар балалар да тегін пайдалана алады. Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің тікелей бас­тамасы әрі тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары студенттерінің денешынықтыру және спорт жөніндегі жоспарлы сабақтары шаңғы трассасының базасында өтетін болады. ATN_9431 ATN_9446 ATN_8584 Техникалық жағынан күрделі бұл спорт­тық нысанның басты ерек­­ше­лігі – қаланың тура орталығында орна­лас­қан­дығында әрі инфрақұрылымы жайлы, қолжетімді. Шаңғы трассасының трамплин жанына салынуының өзі оның салмағын асырып отыр. Жоғарыда аталған факторларға орай халықаралық сарапшылар қоғамдастығы оған әлемдік рейтингте үш үздіктің бірі деген әділ бағасын берді. Атап өтерлік жайт, кезінде бос жатқан жерге (қоқыс тасталатын алаңқай) қазіргі заманғы құрылыс материалдарын пайдалана отырып, жаңа нысан салу мегаполис бюджетіне арзанға түсті. Ауқымды құрылыс 2014 жылдың көктемінде басталды. Кешенде 60 модульді орын, стандартты стадион, 600 көрермендік трибуна, қазылар кабиналары бар. Шаңғы жолының жалпы ұзындығы – 7,5 шақырым, солтүстік бөлігі – 5 шақырым, оңтүстігі – 2,5 шақырым. Құрылыс 2015 жылы толық аяқталады, абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары қолға алынады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Дәурен ИСАЕВ.