Қоғам • 17 Ақпан, 2025

Енді пойыз қозғалысын онлайн бақылауға болады

108 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларға арналған «Пойыз қозғалысының онлайн тақтасы» атты жаңа цифрлық сервисті қолданысқа енгізді. Енді жолаушылар нақты уақыт режимінде пойыздардың келу және кету уақытын бақылап, қозғалыс кестесіндегі өзгерістер туралы жедел ақпарат ала алады, деп хабарлайды Egemen.kz Rail-news.kz-ке сілтеме жасап.

Енді пойыз қозғалысын онлайн бақылауға болады

Фото: rail-news.kz

Бұл қызмет «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ситуациялық орталығы аясында әзірленген.

«Орталық жолаушылар пойыздарының қозғалысын тәулік бойы бақылап, мониторинг жүргізеді. Пойыздарға орнатылған GPS-трекерлер деректерді автоматты түрде орталыққа жіберіп, пойыздардың орналасқан жерін дәл анықтауға және қозғалыс кестесін жедел жаңартуға мүмкіндік береді. Жаңа сервис жолаушыларға bilet.railways.kz ресми сайтында қолжетімді», делінген хабарламада.

Пойыз қозғалысы туралы ақпарат алу үшін:

1. https://bilet.railways.kz  сайтына кіру қажет.

2.«Пойыз қозғалысының онлайн тақтасы» баннерін басу керек.

3. Картадан қажетті пойызды таңдау қажет.

4.Сондай-ақ, қызметке https://tablo-railways.kz/ru/  сайты арқылы да кіруге болады.

«Пойыз қозғалысының онлайн тақтасы» жолаушыларға нақты уақыт режимінде пойыздың қозғалысын картадан бақылауға (пойыз қызыл түспен белгіленеді), таңдаған станциядағы келу және жөнелту кестесін тексеруге, қозғалыс кестесіндегі өзгерістерді біліп отыруға, барлық аялдама станцияларын, олардың күту уақытын және межелі бекетке шамамен келу уақытын көруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Tablo-railways.kz сайтында пойыз билеттерін онлайн сатып алу, электронды отырғызу талонын алу, орындарды талап-шағым бойынша қайтару, ағымдағы пойыздар кестесін қарау және жүктердің құнын есептеу сияқты қосымша қызметтер қолжетімді.