
Фото: Ашық дереккөз
Депутатың айтуынша, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде барлық деңгейде – шетелде, өңірлерде, орталықта – инвесторларды іздеу, қолдау және қорғауды күшейтетін тұтас экожүйе құру қажеттігін атап өтті. Бұл саясат шетелдік те, отандық та инвесторларға қатысты.
«Бар болғаны бір аптадан кейін Жоғарғы сот төрағасы «Инвесторлардың құқықтарын қорғау» инвестициялық форумында елорда соттарына 900-ден астам инвесторлық талап түскенін мәлімдеді. Мұндай істердің 80%-ы инвесторлардың пайдасына шешілген. Ақшалай баламада инвесторлардың құқықтары шамамен 100 млрд теңге көлемінде қорғалған. Көп жағдайда мәселелер инвесторлардың адал еместігінен емес, бюрократиялық кедергілер мен шенеуніктердің немқұрайлылығының, кейде тіпті бассыздығының салдарынан туындайды», деді депутат.
Ол мысал ретінде Алматы облысындағы инвестициялық жобалардың бірін келтіріп, Мемлекет басшысы атап өткендей, өңірде тікелей шетелдік инвестицияларды тарту қарқыны күрт төмендегенін тілге тиек етті.
«2020 жылы Алматы облысының әкімдігі мен шетелдік инвестор арасында Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын басқару және жаңғырту бойынша МЖӘ шарты жасалған болатын. Жоба аясында инвестор 900 млн теңге қарызы бар аурухананы қаржылық тұрақтандырды. Аурухананы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етті, сондай ақ, ана мен бала өлім-жітімі азайды, медициналық қызмет сапасы артты. Салықтық түсімдер екі есе өсті. Сонымен қатар жалпы сомасы 5 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды», деді депутат.
Алайда, 2022 жылдан бастап әкімдік бұл жобаны тежей бастаған:
- 630 млн теңгеге салынған инфекциялық аурухана мемлекеттік меншікке қабылданбады;
- Сыртқы инженерлік желілер құрылысы аяқталмады, аурухана орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған;
- МЖӘ шарты бойынша инвесторға тиесілі төлемдер жасалмады;
- Прокуратура мен басқа мемлекеттік органдардың инвестор мүддесін қорғайтын шешімдері әкімдік тарапынан орындалмай отыр.
Депутаттың айтуынша, инвестор бірнеше рет жергілікті билікке шағымданған, бірақ ешқандай нәтиже шықпаған.
«Бұл жерде мәселе инвестордың кінәсінде емес. Керісінше, әкімдік өзіне алған міндеттемелерін орындамай отыр. Инвестор аурухананы дамыту үшін қомақты қаржы құйды, жаңа корпустар салды, бірақ әкімдік олардың бірін де мемлекеттік меншікке қабылдаған жоқ. Бұл не себепті болып жатыр?» деді депутат Смирнова.
Шетелдік инвестор жергілікті биліктен қолдау таппаған соң, АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы) сотына жүгінген. Нәтижесінде:
- АХҚО соты инвестордың талаптарын қанағаттандырды;
- Мемлекеттік бюджеттен инвестордың пайдасына 380 млн теңге өндіріп алынды;
- Денсаулық сақтау басқармасының қарсы шағымы қабылданбады.
Қазіргі уақытта инвестор келісімді бұзу және мемлекеттен 13 млрд теңге өндіріп алу туралы талап-арыз берген. Депутат Смирнованың айтуынша, бұл мәселе Қазақстанның инвестициялық ахуалына үлкен қауіп төндіреді.
«Қазақстанда инвесторлардың мүддесі қорғалмаса, олар басқа елдерге кетеді. Бізге инвестиция ауадай қажет, бірақ әкімдіктер өз әрекеттерімен оны шетелге итермелеуде. Егер мұндай жағдайлар қайталана берсе, біз жаңа инвестицияларды күте алмаймыз», деді депутат.
Ирина Смирнова бұл мәселені Үкімет қарауына шығарып, тиісті мемлекеттік органдардың іс-әрекетін заңды түрде тексеруді сұрады.
«Мен Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да құзырлы органдарды әкімдіктің іс-әрекетін тексеруге шақырамын. Мемлекет бизнеске кедергі емес, керісінше, қолдау көрсетуі тиіс. Алматы облысындағы жағдай – Қазақстандағы инвестициялық саясаттың қаншалықты тұрақты екенін көрсететін маңызды сынақ», деді И.Смирнова.