
Фото: Ашық дереккөз
Депутаттың пікірінше, Украина тарапы КҚК-ның Қазақстан мұнайын тасымалдаудағы стратегиялық маңызын жақсы білгені анық.
«КҚК-ға жасалған шабуыл – бұл халықаралық консорциумға соққы, оның құрамында ірі америкалық және еуропалық компаниялар бар. Олар да украин әскерінің бұл әрекетінен тікелей шығынға ұшырап отыр», деп жазды Марат Башимов Facebook-тегі парақшасында.
Бұл ретте мәжілісмен Украина ұстанымының екіжүзділігі байқалатынын атап өтті.
«Бір жағынан олар АҚШ пен Еуропадан әскери және басқа да көмек сұрайды, ал екінші жағынан – олардың экономикалық мүдделеріне соққы жасайды. Ең бастысы – Қазақстанға қатысты мұндай агрессияның себебі түсініксіз. Біздің еліміз Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталғаннан бері бейтарап позицияны ұстанып, бейбіт шешуді жақтады, деп жазды М.Башимов.
Сондай-ақ ол екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар бір сәтке де үзілмегенін тілге тиек етті.
«Сонымен қатар, бүкіл әлем Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербург форумында ДХР мен ЛХР-ды мойындамайтынын ашық мәлімдегенін көрді. Біз бірнеше рет БҰҰ өкілдерін шақыра отырып, бейбіт келіссөздер алаңы болуға дайын екенімізді білдірдік. Осыған байланысты КҚК-на жасалған шабуыл Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай зиян келтіреді», деді мәжілісмен.
Бұл ретте ол Қазақстан Украинадан еліміздің мүдделеріне қарсы жасалған бұл әрекеті үшін ресми түсініктеме талап етуі керек екенін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық нысанға жасалған шабуылға кінәлілерді жауапқа тарту үшін барынша қатаң және принципті шараларды қолдану қажет екенін де баса айтты.