Хоккей • 20 Ақпан, 2025

Жезкентте шайбалы хоккейден турнир өтті

66 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жеңістің 80 жылдығына орай Жезкент кентінде шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасында турнир өтті. Аталған шарада 2008-2014 жылдар аралығында туған жасөспірімдер  бақтары мен баптарын қатар сынады. 

Жезкентте шайбалы хоккейден турнир өтті

Турнирді ұйымдастырып отырған спорт мамандарының сөзінше жергілікті жерде өтетін осындай жарыстардың маңызы зор. Себебі, тұрғылықты жеріне қарамастан талабын ұштаған жастардың спортқа деген оң көзқарасы қалыптасып, болашақта үлкен спортқа жолдама алатыны сөзсіз. Бұған дәлел осыған дейін өткізілген жергілікті турнирлердің нәтижесінде кеншілер кентінен шыққан жастар бүгінгі күні бәсі жоғары додаларда биік белестерді бағындырып жүр.

«Алдымен, дәстүрлі турнирдің өткізілуіне қолдау көрсеткен барша азаматтарға зор алғыс білдіреміз. Жарысты өткізуде басты мақсат ретінде қысқы спорт түрін дамыту және жасөспірімдердің қысқы уақыттағы демалыс уақытын арттыруды көздеп отырмыз. Турнирге қатысқан «Шахтер» командасы Жезкент қаласында ғана емес облыстық деңгейде өнер көрсетіп жүрген шайбалы хоккей командасы. Бүгінгі күні осы командада өнер көрсететін жеткіншектердің алдағы уақытта үлкен спортшы болатыны анық» дейді турнирді ұйымдастырушы жаттықтырушылардың бірі Айдос Төртбай.

Жасөспірімдер арасындағы шайбалы хоккей турнирінің нәтижесінде «Шахтер» командасы І орынды иеленсе, «Батыр» командасы ІІ орын және «Шахтер - 2» командасы ІІІ орын алды. Жарысқа қатысушылар аталған турнирдің бас демеушісі «Шығыстүстімет» компаниясы тағайындаған аса бағалы сыйлықтарға ие болып, алғыс хаттармен марапатталды.

 Абай облысы