Әдебиет • 21 Ақпан, 2025

Саз бен сөз сабақтастығы

720 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Балуан шолақтың «Ғалиясын» Әміре Парижде шырқады ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Олай дейтініміз, өткенде өнер зерттеушісі Рүстем Нүркенов Сәкен Сейфуллиннің «Ақан сері» атты өлеңінен серінің екі бірдей әні Парижде шырқалғаны жөнінде деректі алға тартқанын оқыдым.

Саз бен сөз сабақтастығы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Ақан сері» жырында Сәкен:

«Сол сында Ақан әні пар іздеді,

Көлдегі аққу әні тәрізді еді.

Ақанның «Үш тоты» мен «Сырымбетін»,

Таңғалған естігенде Парижде де», дегенін мысалға келтіріпті. Бұған дейін Әміре Па­риж­де салған әндер белгілі делініп келді. Ара­сында бұл екі туынды жоқ екен. Қазақ дала­сында Ақан әндері қандай үлкен мектепке айналса, ұлттық өнерімізде Балуан шолақ шығармалары да кем соқпайтыны белгілі. «Әніңді үйренейін алуан, аға» деп Кенен Әзірбаев атаның өзі іздеп барған деседі. Бұл жерде Ақан мен Балуанды салыстырмаймыз, кейінгіге әсерін айтқы­мыз келеді ғой баяғы. Қазақ даласында кең таралған өміршең ән-әуендердің көбі осы Ақан, Біржан, Балуан шолақ шырқап салған құтты өнердің жалғасы екені аян. Кейінгі елу жыл мұғдарында төтеден қосылған кейбір эстрадалық әнсымақтар ол есепте жоқ, әрине.

Ақан «Сексен қыз серуенге шықса-дағы, Ішінде қара басың хан, Қадиша» десе, Балуан шолақ «Сексен сұлу серуенге шықса-дағы, Ғалияның алмаймын кірпігіне» деп құбылтады. Иә, атам қазақ әндері осылайша жалғаса келіп, бертінде үзілді десек, өтірік айтады екенбіз. «Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, оң қабағым тартады күлімдесең» деген жолдарды білмейтін қазақ аз болған шығар өткен ғасырда. Мұндағы сұлу, оралымды сөздің көркемдік қуаты жеке тоқталуды қажет етеді. Ел ішінде оң қабағы тарту жақсы ырымға бала­нады. Қуанышты білдіреді. Демек ақын сен кү­лімдеп, мәз болсаң, мен де қуанамын, тіпті шал­ғайда жүрген күннің өзінде сенің қаба­ғың ашық-жарқын болса, менің де оң қаба­ғым тартып жүреді дегенді астарлап айтады. Ғалия бүкіл өміріне айналып кеткенін көру қиын емес қой. Қалай десек те, ғаламат ай­тылған.

Қазақ әніндегі осы бір керемет сол беті үзіліп қалмай бүгінге жеткенін халық жылы қабылдап, ілтипатпен тыңдаған «Жібек сезім» әнінен көреміз. Композитор Медет Салықов пен ақын Қалқаман Сариннің туындысын қазақтың жас-кәрісі сүйіп тыңдады, қосыла айтты. Себебі туынды халқымыздың ұлт­тық өнерінен тамыр тартып тұр. Бастауын қазақтың ертедегі ән мұрасынан алғанын аңдау қиын емес.

«Айым да сен, күнім де сен,

Жанымды тербейсің күлімдесең.

Жаным да сен, бағым да сен,

Сүймесем сені, сәулем,

Дәл бұлай сағынбас ем», деп келеді қайыр­масы.

«Медеттің ең бірінші әнді ыңылдап бастаған кездегі құрастырып айтқан әуелгі сөзі осы «айым да сен, күнім де сен» болды. Бүгінде негізгі тірек сөз ретінде қалды ғой. Енді сөзін жаздырту мақсатында ақындарға жүгіндік. Ойлана келе, Медет белгілі ақын досымыз Қалқаман Саринге қолқа салды, жақсылап сөз жазып шықсаң деп. Сөзі де бірден туа салған жоқ. Бір, бір жарым жылдай уақыт өтті. Бір күні Медетке қоңырау соғып, «Әннің сөзін жазып қойдым, келіп тыңдап кетіңдерші», деді. Барсақ, ешқандай өзгертетін жері жоқ, әнге құйып қойғандай жұп-жұмыр қылып түсіріп қойыпты», дейді туындыны орындаушы әнші Клара Төленбаева.

Біз айтпақ сөз – ұлы қазақ өнеріндегі жалғастық. Үздік, үкілі өнердің жілік майы кеми бастаса да, үзілмеген. Мүмкін жұқарған шығар, жаңарған шығар, заманауи жаңғырған шығар, бастысы, ұлттық музыканың үні өшпегенін байқаймыз. Есті тыңдарман бірден қабылдап алып кетті. О баста салыстыру ойда жоғын қаперледік. Сөзі мен сазын жанынан қоса шығарып, өзі орындап, елді аузына қаратқан Балуан шолақпен бүгінгі заман өнерпазын салыстырудың өзі ақымақтық емес пе? Сол Балуандар салған әуен мен сөз ырғағының тамшыдай жұқанасының өзі қазіргі қазақтың көңілін көтеруге жарапты. Өнер құдіретінің тамшысындай қуаты жүрекке түссе, бүкіл қантамырды қуалап, ғасырлардың жүрегі қауышқандай болмай ма? Ал ежелгі өнерден туған алып тербелістердің шашырандысы соғып өтсе қабылдай алмай қалатын бүгінгі рухани ахуалымызға тамшыдай себелеген осының өзі дауа, осының өзі ем.