
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Ақан сері Қорамсаұлы қайтыс болды» деген суықсөз сол кездегі ірі аумақ – Ақмола өңіріне тарайды. Бұл қайғылы хабарды естігенде үлкен ақын Есенбай Сасанұлы (1843–1925) біраз күн жер бауырлап жатып қалады. Содан есін жиып, Ақанның жұртына көңіл айтуға барады.
Есенбай ақын көпті көрген көшелі кісі екен. Кезінде Кенесары ханның үзеңгілес досы, 1837–1847 жылдары қазақ даласында өрістеген ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшыларының бірі – Баубек батырдың ақыны атаныпты. Яғни елге сөзі өтімді, беделі биік тұлға. Осы кісі досы Ақанның қазасына көңіл айта келіп отырып әңгіме бастайды:
– Ақан екеуіміз түйдей құрдас едік. Ел аралап, талай қызық думанда бірге жүрдік, – деп сөз бастайды да, одан кейін үй толы адамдарды көзімен бір шолып өтіп: «Ақанның адамгершілігі мол, тар жерде жол табатын алғырлығы бар, оның сыртында ойын-сауықтың туы еді. Ол отырған жерде ешқандай көңілсіздік болмайтын, жиынға қатысқан үлкен-кіші масайрасып, мәз болып тарайтын. Құрдасым басқа ақындардай емес, тапқыр ойдың, шешен тілдің иесі болумен бірге, үлкен ғалым еді. Өз заманындағы діни дәстүр қағидаларын, ислам тарихын, хижаз халқының салт-санасын жақсы білетін. Бұған оның Қызылжар қаласында қажыларды қарсы алғандағы сөзі, қыпшақ елінің білікті адамы Шонтыбай қажыны құттықтап айтқан жыры, тамыр-таныстары ауырғанда айтқан тілек-баталары дәлел», деп бір қайырады.
– Содан бірде, – дейді қарауыл Есенбай ақын. – Арқадағы көшей, көбей елдерінің жайлауында үлкен той болды. Ақан екеуміз жастар бас қосқан алты қанат ақ үйде домбыра шертіп, ән шырқап отыр едік, кенет «сыртта қарт ақын Орынбай келіп тұр» деген хабар естілді. Орекеңді білесіздер, әкесі Байқожа, арғы атасы Бертағыдан бері жыр үзілмей келе жатқан әулет. Екеумізден 30 жас үлкендігі бар. Дереу жүгіре шығып, қарт ағаға сәлем бердік. Ақан марқұм сол жерде былай деп шұбыртып ала жөнелді:
«Ассалаумағаләйкүм, Орекем-ай,
Бар еді жүз кісідей берекең-ай.
Жанарал Тұрлыбекпен жүрген шақта,
Үш жүзді сайран қылған мерекең-ай!
Өзіңе біздей інің жар болармыз,
Нағылып асыл затқа пар болармыз.
Басың – бұлбұл, аяғың – дүлдүлім-ай,
Бір кезде саған да зар болармыз», –
деп суырып салыпты. Бұл сөзді қалт жібермей тыңдаған Орынбай ақын ат үстінде тұрып: «Мені де жоқтайтын інілерім бар екен», деп көзіне жас алыпты.