
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Былтыр Семей қаласында 1 200 орындық ІТ-мектеп-лицейі салынды. Бұл шаһардағы мектептегі оқушы орны тапшылығын едәуір азайтты. Жаңа мектеп заманауи технологиямен жабдықталған. Үш қабатты ғимаратта физика, химия, биология, информатика кабинеттері, мультимедиялық сыныптар, графика және модельдеу кабинеті, сондай-ақ зертханалар, телестудия, смарт-сыныптар, 3D-принтерлер мен роботтехника кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ 280 орындық мәжіліс залы мен 420 орындық асхана бар.
Жаңа мектепте оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілетін дамытуға ықпал ететін орта құруға да баса назар аударылған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жеке санитарлық бөлмелері бар кең кабинеттер қарастырылған. Жеделсатылар, пандустар және арнайы бағыттаушы белгілер орнатылған. Әр мектепте психолог, логопед және дефектологтер қызмет істейді. Бұл білім ордасының басты ерекшелігінің бірі – жұмсақ жиһаздармен, кітаптармен, музыкалық аспаптармен және үстел ойындарымен жабдықталған оқушылар мен оқытушылар арналған демалыс орны бар. Сонымен қатар білім мекемесінде балалардың қауіпсіздігін қадағалайтын заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылған.
«Бұған дейін 4 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтіп, роботтехника, химия, биология, физика және «STEM» бағыттағы пәндер бойынша 56 заманауи пәндік кабинет жабдықталды. Педагогтердің біліктілігін арттыру да маңызды қадам. Бүгіні күні 5 300-ден астам мұғалім тегін біліктілікті арттыру курсынан өтті. Қазіргі таңда Абай облысында орта білім беру ұйымдарының 38% аудандық және ауылдық мектепті құрайды. Олардың 86-ы жаңғыртылған», деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев.
Абай облысы