Қоғам • 21 Ақпан, 2025

«Kaspi Profit»-ке алданған тұрғын 9 млн теңгесінен айырылған

97 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау облысының прокуратурасы аймақта алаяқтықпен күресу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінгі күні кейбір азаматтар әлеуметтік желілерде инвестиция арқылы «қаражатты оңай көбейтуге болады» деген жалған жарнамаға иланып, зымяндардың торына түсіп отыр.

«Kaspi Profit»-ке алданған тұрғын 9 млн теңгесінен айырылған

Фото: ашық дереккөз

Ұлытау облысы тұрғыны «Kaspi Profit» жарнамасынан  «қаражатты инвестиция арқылы көбейтуге болады» деген хабарламаға сеніп, жеке деректері туралы мәліметтер қалдырған. Әрі қарай аналитик маманы ретінде өзін таныстырған алаяқ, белгісіз нөмірден хабарласып, қаражат көбейту туралы түсіндірген.  Жәбірленуші алаяқтың нұсқауымен ұялы телефонына қосымшаны жүктеп,  жеке шотына алаяқтың нұсқауымен  6 млн теңге несие рәсімдеген. Алаяқтар инвестиция арқылы 18 372$ қол жеткізгеніне сендіріп, оны қолма-қол ақшаға айналдырып, «Global finance» компаниясы арқылы жеткізіп бере алатындарын, ол үшін тағы 3 млн қаражат салу қажеттігін айтқан.  Жәбірленуші оның айтқанына келісіп, аталған қаржыны белгісіз шоттарға аударған. Осылайша облыс тұрғыны алаяқтың нұсқауы арқылы 9 млн. теңгесінен айрылған.

Осындай жағдай Жезқазған қаласының тұрғынының да басынан өткен. «Kaspi Profit»  жарнамасына сенген тұрғын 5 млн теңге несие рәсімдеп, алаяқ көрсеткен шоттарға аударып жіберген.

Облыс прокуратурасы жеке ақпарат, төлем картасының нөмірлерін, кодтар мен құпия сөздерді бермеу, күмәнді төлемдерді жасамау, тексерілмеген қосымшаларды орнатпау керектігін ескертеді.