
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, жамбылдық делегация мүшелері түркиялық әріптестеріне өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырған. Мерсиндік іскер топтармен топтарымен тәжірибе алмасу, өндірістік кооперация және инвестициялық ынтымақтастық, жетекші өнеркәсіптік компаниялармен серіктестік байланыс орнату мәселесі бойынша келіссөздер жүргізген.
Жамбылдық делегаттармен бірге жүрген еліміздің Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев, Бас консул Қуат Қанафеев, Мерсин шаһарындағы құрметті консул Ахмет Будан бірқатар индустриялық-өнеркәсіптік аймақты аралап, бауырлас елдің экономикалық әлеуетімен танысты.
Облыс басшысы бастаған топ Аккую атом электр стансасына іргелес жатқан аудандардың экономикалық даму динамикасына айрықша назар аударды. Мерсиндіктердің айтуынша, атқарылған жұмыстар Гюлнар және Силифке аудандарының экономикасын 40 пайызға еселеген.
Іссапар барысында атом электр стансасы құрылысының мультипликативті әсері туралы да егжей-тегжей әңгіме айтылды. Дерекке сенсек, АЭС құрылысы алаңының жанындағы жұмысшыларға арналған тұрғын үй кешеніне бар. Мұнда барлығы 3200 адамға арналған 24 жатақхана салынған.
Ербол Қарашөкеев Medcem Cement Group басшылығымен құрылысты дамытуды ынталандыру және құрылыс индустриясына әлемдік стандарттарды енгізу бойынша белсенді шараларды талқылады. Medcem Cement зауыты – жылдық қуаты 6,6 млн тонна өнім шығаратын әлемдегі ең ірі цемент зауыттарының бірі.
Жамбыл облысының кәсіпкерлері түркиялық әріптестеріне өңірдің бай минералдық-шикізат ресурстары туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын ұсынды.
Делегация мүшелері атом электр станциясының болашақ жұмысшылары үшін салынып жатқан үлкен тұрғын үй кешенінің құрылысын мысалға ала отырып, Мерсиндегі құрылыс индустриясының әлеуеті туралы тереңірек білді. Әр түрлі көлемдегі пәтерлерден бөлек, нысан аумағында балабақшалар, мектептер, бизнес, денсаулық сақтау, спорт нысандары, ойын алаңдары, қонақ үй, мәдениет орталығы салынады, көліктерге арналған электр зарядтау станциялары, шатырларда электр қуатын өндіретін күн батареялары болады.
Жамбыл облысының әкімі тұрғын үй құрылысы бойынша түркиялық тараптың тәжірибесін зерделеп, жауапты азаматтарға жаңа технологияларды енгізуді тапсырды. Мерсиннің индустриялық-өнеркәсіптік аймағына сапар барысында өндіріс орындарымен танысып, бірлескен кәсіпорындар құру мәселесін талқылады. Атап айтқанда, делегация Yılbor Boru пластик құбырлар зауытын, Gökmak болат конструкциясы мен желдету жүйесі зауытын, сондай-ақ Berdan Çevata бекіткіш өндіру зауытын аралады.
Arbel Group дәнді және бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыру жөніндегі жоспарлар зерделенді.
Ulusu Pompa сорғы жабдықтарының кең ауқымын өндіруге маманданған компания. Бұл бағыт жер асты суларын тиімді пайдалану және ұңғымаларды бұрғылау бойынша ауқымды жұмыстарды ескере отырып, Жамбыл облысы үшін өзекті болып отыр. Asya sera компаниясы жылыжай құрылысына арналған берік конструкциялар шығару жобаларын ұсынды.
Облыс әкімі компанияларды Жамбыл облысында жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға шақырып, кәсіпкерлікті қолдау шаралары, оның ішінде жаңа кәсіпорындар үшін дайын өндірістік алаңдар беру туралы айтты.
Екі жақты кездесу барысында Ербол Қарашөкеев пен Мерсин провинциясының губернаторы Атилла Торос түрлі салалардағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту және кеңейту әлеуеттерін талқылады. Жамбыл облысының Мойынқұм, Шу аудандары мен Мерсин провинциясының Гюльнар және Силифке аудандары арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Жамбыл облысы