
Қаладағы «Жасыл Қызылорда» мекемесінің мамандары көше бойларын көгалдандыруға дайындықты бастады. Арық жүйелерін тазалау және көгалдарды күтіп-баптау да жүйелі жүргізіліп келеді. Ал «Қызылорда тазалығы» мекемесі көшелер мен қоғамдық орындардың қоқысын жинап, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысатын сенбіліктер ұйымдастырып жатыр. Өткен сенбілікте облыс орталығы мен барлық аудан тұрғындары белсенділік танытты.
Жалпы экологиялық іс-шара басталғалы бері оған 730 000-ға жуық облыс тұрғыны қатысып, 27 000 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Екі жылдан бері облыста «Үлгілі елді мекен» байқауы өткізіліп келеді. Байқау шеңберінде облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, жеңімпаз елді мекендерге 48 арнайы коммуналдық техника табысталды.