АСТАНА. 8 ақпан. АИБА-ның WSB (Дүниежүзілік бокс сериясы) жобасы аясында «Астана арландары» АҚШ «Нокаутшыларын» 5:0 есебімен тас-талқан қылып жеңді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Қос команда арасындағы айқас Қарағанды қаласында өтті. Осыған дейін «арландар» үйдегі тартыстарын тек Астана мен Алматы қалаларында ғана өткізіп келген еді. Биылғы маусымнан бастап команда жетекшілері аймақтардағы жанкүйерлерін де назардан тыс қалдырмай, өз шаршы алаңындағы кейбір жекпе-жектерін облыс орталықтарында өткізуге бел буды. Алғаш болып мұндай мүмкіндікке Қарағанды қаласы ие болды. Соның нәтижесінде, кеншілер қаласына АҚШ-тың күрзі жұдырықты жігіттері қонаққа келді.
Бұған дейін үш тартыс өткізген «арландар» мен «нокаутшылар» барлығында жеңіске жетіп, 9 ұпаймен «В» тобында көш бастап келген еді. Сондықтан Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен айқас топтың нағыз көшбасшысын анықтайтын сайыс ретінде де жанкүйерлердің қызығушылығын тудырды.
Ең бірінші шаршы алаңға 52 кило салмақ дәрежесіндегі боксшылар көтерілді. «Астана арландарының» бас жаттықтырушысы Марат Жакиев бұл сынға Мирас Жақыповты дайындаған екен. Ал Мирастың қарсыласы Брент Венегас есімді боксшы. Толық аты-жөні Брент Ричард Венегас ІІІ. Қос боксшы да бес раунд бойы аянып қалмады. Соңында қапталдағы төрешілер «арланның» басымдығын тіркеп, Жақыпов 3:0 (49:46, 49:46, 49:46) есебімен жеңіске жетті.
Келесі кезекте жанкүйерлер алдына 60 килодағы Ержан Мүсәпіров пен Малиек Доннэл Монтгомери шықты. Бұл жекпе-жекте Ержан 2:1 (48:47, 47:48, 48:47) есебімен басым түсті. Жасыратыны жоқ, тартыс барысында Ержан айқын басымдық таныта алмады. Алғашқы раундтарда ширақ қимылдағанымен, соңғы кезеңдерде тізгінге Монтгомери ие болды. Бұл көрініс төрешілердің шешімінен де байқалып, қазылар үш ұпайдың біреуін АҚШ-тан келген боксшыға ұстатты.
Алдыңғы екі командаласының жеңісті жолын «арландар» сапындағы хорватиялық легионер Хрвое Сеп (81 кило) жалғастырды. Ол қарсыласы Стив Нельсонды бес раунд бойы соққының астына алып, АҚШ-тан келген боксшыға «азуын батырды». Нәтижесінде, төрешілер бірауыздан Хрвоені жеңімпаз деп танып (3:0 (50:44, 50:45, 48:47)), «арландар» мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Төртінші жұпты 69 кило салмақ дәрежесіндегі Асланбек Шымбергенов пен Брайан Цебалло құрады. Асланбек соңғы Қазақстан чемпионатында топ жарған боксшы. Бұл оның WSB жобасындағы беташар жекпе-жегі. Десек те, алғашқы үш раундта ширақ қимылдап, төрешілер тарапынан оң баға алды. Алайда, соңғы екі кезеңде шаршап қалғаны сезілді. Қарсыласының бұл босаңдығын ұтымды пайдаланған Брайан соққыларын діттеген жерлерге дөп тигізіп, Асланбекті сұлатып салуға ұмтылды. Дегенмен, оның бұл ойы жүзеге аспай, «арланымыз» 2:1 (48:47, 48:47, 46:48) есебімен басым түсті.
Сайыс соңында жанкүйерлер +91 кило салмақтағы боксшылардың айқасына куә болды. Бұл салмақта «арландар» сапынан әзірге Филипп Хргович сенімді ақтап тұр. Серік Сәпиев атындағы бокс орталығына жиналған жанкүйерлер Хргович шаршы лаңға көтерілгенде нағыз алыптардың айқасын күтіп, қиқуға басты. «Арлан» боксшы да жанкүйерлерге айыз қандырар тамаша жекпе-жек сыйлап, қарсыласы Брэндон Глэнтонды екінші раундта-ақ техникалық нокаутқа жіберді.
Осылайша «арландар» маусымдағы төртінші жеңістеріне қол жеткізді. Әзірге 12 ұпаймен «В» тобында жеке-дара көш бастап тұр. Біздің жігіттер келесі айқастарын 14 ақпанда пуэрториколық Puerto Rico Hurricanes командасына қарсы өткізеді. Бұл тартыс та Қарағанды қаласында өтеді деп жоспарлануда.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: worldseriesboxing.com.