
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ақын шығармашылығының ұшар биігінің бірі осы «Абдолла» поэмасын оқыған Ғабит Мүсірепов кезінде «Майданнан жеткен жаңа леп» деген мақаласында: «Отан соғысына жазамын деушілердің бәріне де «Абдолла» жаңа бір қырқаны меңзейді. Жаңа тақырыпты жақсылап жазайық дейді. Қасымның ең бір жете ұғынатын жақсы ойы да осында. Қасым поэмасын жете ұғынғың келсе, мұнда көп нәрсенің дұрыс бейнесі көрсетілген. Сонымен бірге сол бейнелерді қалай көрсету керектігін де көрсетіп кетеді», деп жазыпты. Пікір ғана емес, бұл – ақын шығармасына берілген баға. Мұндай соқталы дүниенің тууына түрткі болған – сол кездегі қазақ өлеңінің жарқын өкілі, Қасымның жан аяспас досы, ақын Абдолла Жұмағалиевтің көзсіз ерлігі. Өзіндей алапаты болмаса, Қасым екінің бірімен дос бола ма? Абдолла ақын онымен теңдес болмаса, бұл поэма туар ма еді? Егер 27-ақ жасында ерлікпен қаза таппағанда, Абдолла қазақ әдебиетін өрге сүйрері анық еді ғой. Азғантай ғұмырының басында «Асан қайғы» атты поэма жазып бастағаны сол 1939 жылдардың ақылына сыя бермейтін құбылыс еді. Ол осындай-ақ жасының өзінде Байронға ғашық болып, оның өлеңдерін аударып үлгерген сирек талант екенін замандастары жазады. Пушкин пір тұтқан ұлы Байронды Абай да, Қасым да сүйіп аударғанын білеміз. Жап-жас Абдолла Байрон жырларындағы асқақ махаббатты, әділетсүйгіштік пен нәзік сиқырын өлең өрнегіне түнеткісі келген. Амал не, оның осыншама биік арманы мен мұқалмас мұратын соғыс алып кетті. Ажал жалмай алмады бірақ. Асқақ рух пен биік арман, алып мұраттардың алдында өлім де дәрменсіз, ажал да қауқарсыз. «Жүрегімен жау жолына бомба болып жарылғанымен» ақын өлмес өмір өлеңін қалдырыпты. Өзі де, жан аяспас достары да оның есімін әйгілеп, тарихқа алтын әріптермен жазды. «Абдолла біздің арамыздан өзгеше түрмен шықты. Оған өзімен қанаттас жас ақындардың көркемдігі аз, жалаң сөз өлеңдерінің көбісі ұнамады. Ол жаңа өмірді өзінше жырлады. Өлең дегенді әулие, керемет өнер деп білді де, нені жырласа да терең толғануды ойлады. Сөзбен емес, жүрекпен жырламақ болды. Бізбен сырласқанда ол «поэзия музыка сияқты нәзік үнді болса екен, поэзияда шаблон болмай, жаңалық болса екен, өлең жүректің қылын шертсе екен, өлеңде өмір суреті романтикалық бейнелермен жырланса екен деуші еді» дейді кітабының алғысөзін жазған қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекқожин. Шынымен-ақ замандасы дөп басып айтқан.
«Ей, адамзат дүниесі,
Көтерші бір басыңды.
Жүректегі сағатың
Соқты-ау талай ғасырды.
Жолың алыс жете алмай
Төктің талай жасыңды.
Өткелектен өте алмай
Талай қаның шашылды.
Бүгін міне алдыңа
Мәңгі тынбай соғатын,
Алып келдім, арнайын
Адамдықтың сағатын»
Ақынның «Алтын сағат» атты осы өлеңі Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрған уақыт үшін айтарлықтай жетістік дер едік. Жалғыз жинағына енген өлеңнің уақыты көрсетілмегенімен, 1937–1938 жылдары жазылса керек. Себебі замандасы Қалижан Бекқожин «Абдолланың ақын есебінде көзге түскен кезеңі 1937-1938 жылдар болды» дейді. Және замандастары құрастырған кітабының алғашқы беттеріне орналасыпты. Өзі жиырма жеті жасында 41-жылғы майданда жау жолына бомба болып жарылып кеткен жұдырықтай жүрек иесі жиырма бестерге де тола қоймаған жасында «адамзат жүрегіндегі алтын сағат» туралы толғаған. Сонау мыңжылдықтардан бері бірінен-біріне көшіп келе жатқан адамдық сағаты, ұлы рухтың мәңгілігінен сыр шертеді.
Жалғыз бұл ғана емес, Абдолла Жұмағалиевтің әр өлеңінен асыл рухтың дабылы естіледі. Кейде аз ғана ғұмыр кешірген ақын өлеңдерін парақтап отырып, Абдолладан Қасымға көшкен рух па деп қаласыз. Дос болған екі ақын жырында көп ұқсастық бар. «Уа, дариға», «адамзат дүниесі» дегендей кең тынысты сөздер Абдолла ақында да молынан ұшырасады.
«Айқас» деп соқтым әзірге,
Қалдырып жастық думанын.
Жарылсаң жауға бомба боп,
Жарадың, жүрек – туғаным!» деп жазыпты өзі де. Ал жазудан озған ешкім жоқ қой, әзірге.