ПАВЛОДАР. 7 ақпан. Павлодар облысы Ертіс ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен сенбі күні аудан орталығының үлкен-кішісі шаңғы тебуе шықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Шаңғымен жүгіруден өткен жарысқа аудан әкімінің орынбасары Ержан Рахымжанов бастаған мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, этно-мәдени орталықтарының мүшелері, жастар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Зейнішев, зейнеткер Г.Коптева, марофоншы Серік Секербаев ұлы Айбекпен, мүмкіндігі шектеулі жан Сүйіндік Каденовтер қатысты. Шаңғышылар спорттық шеберліктерін арттыру мақсатында 550 метр қашықтыққа жүгірді.
Сонымен қатар, қысқы спорт түрлерінен оқушылар спартакиадасы өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша, алғашқы орындарды Юрий Бутолин, Асылхан Тұяқов, Айдар Қайыржанов, Дильназ Тоқбатыр, Анастасия Шаповалова, Регина Дудниктер жеңіп алды. Оқушылар енді шанғымен сырғанау флэш-моб фестиваліне қатысуға жолдама алыпты.
Ал үлкендер арасында шаңғымен жүгіруде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Дәурен Козкин мен Қызылжар ауылының тұрғыны Жасұлан Төлешев алғашқылар болып мәреге жетті. Алдыңғы 1,2,3 орын жеңімпаздары және «Мүмкідігі шектеулілер арасындағы жеңімпаз», «Ең жас жүгіруші», «Жас мөлшері ең үлкен жүгіруші», «Үздік техникасы үшін» номинацияларына ие болғандарға мақтау қағаздары мен сыйлықтар табысталды.
Фарида Бықай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: egemen.kz.