ӨСКЕМЕН. 9 ақпан. Ұлы Абайдың 170 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мерейтойлық шараларды ақынның отаны – Жидебайда, сондай-ақ өңірдегі білім және мәдениет мекемелерінде кеңінен атап өтетін болады. Оған танымал өнер және мәдениет қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар мен бизнес өкілдері қатысады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бекітілген кестеге сәйкес, белгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинстің «Абай-Шәкәрім» ораториясы орындалатын концерттік кеш, Бүкіләлемдік поэзия күніне орай «Абай поэзиясы: әлем тілдерінде» фестивалі, театр фестивальдері, Абайдың қарасөздері бойынша моноспектакль қойылымдары, Абай шығармалары бойынша түрлі концерттік бағдарламалар өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Абайдың рухани орталығы» және сирек кітаптар мұражайы, ойшыл ақынның туындылары бойынша суретшілер иллюстрацияларының көрмесі, «Ғасырлармен үндескен асыл қазына», «Семей – еліміздің рухани-мәдени астанасы» ретро-фестивалі, абайтанушылардың онлайн-дәрістері, ақындар айтысы, жастар арасындағы байқаулар, кітап көрмелері тұсауын кеседі. Жазда «Абай күндері» атты ақынның шығармашылық ғұмыры және өмірімен байланысы бар жерлермен өтетін туристік маршрут басталады.
Одан өзге Өскемен мен Семейде «Біздің Абай» электронды кітапханасы ашылады. Семейдегі Абай атындағы кітапхананың сайтында «Абай оқыған кітаптар» атауымен сирек кітаптар қорының виртуальды көрмесі ұйымдастырылады.
Мерейтойдың түйіні «Жидебай-Бөрілі» мұражай кешенінде салтанатты шарамен аяқталады.
Думан Анаш.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: altaynews.kz.