09 Ақпан, 2015

Өскеменде мемлекеттік-жеке әріптестіктің мүмкіндіктері түсіндірілді

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
09 02 - Oskemen ӨСКЕМЕН. 9 ақпан. Өскеменде мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде балабақша ашу мәселелері қарастырылған жиын өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Шараға бірқатар кәсіпкерлер шақырылып, 2006 жылдың 7 шілдесінде қабылданған ҚР «Концессиялар туралы» Заңы аясындағы бизнестің жаңа бағыттарын құру мүмкіндіктері түсіндірілді. «Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жеке әріптестік өңірлік орталығы» АҚ жетекшісі Әлия Масақова облыс пен кәсіпкерлер арасындағы біріккен жобаларды дамыту жөнінде әңгімеледі. Аталған орталық білім саласында екі жобаны – балабақшалар кешенінің құрылысы мен пайдалануға берілуін жүзеге асырады. «Өскеменде 1640 орынға есептелген 6 балабақша құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Концессионердің кірісі мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыру және қосымша білім беру қызметін көрсету есебінен түседі», – деді Әлия Масақова. Сондай-ақ мемлекет концессионердің инвестициялық шығынының белгілі көлеміне 7 жылдық компенсациялық қолдау түрін ұсынады. Одан өзге уақытша қайтарымсыз пайдалану құқы бар жер телімін ұсынып, инженерлік желілерді тартуға көмектеседі. Жиынға қатысқан халықаралық сарапшы Пьер Ив Люк мұндай әріптестіктің кәсіпкерлер үшін өте пайдалы екендігін айтты. «Мен бұдан бизнесті қолдаудың үлкен шараларын көріп тұрмын. Қазақстанда орта қызмет көрсету, әлеуметтік қызмет көрсету салалары өте пайдалы, келешегі бар жобалар болып табылады», – деді ол. Осыдан кейін бизнес өкілдері бірқатар сауалдарын қойды. Оларға кәсіпкер Алмагүл Мыңбаева жауап берді. Қазір оның Өскеменде екі балабақшасы, Зырянда бір балабақшасы бар. Балабақшалардың бірі Согра ықшамауданында орналасқан. Бұл – қаланың аталған бөлігінде бүлдіршіндерді екі тілде тәрбиелейтін және 1,5 жастан бастап қабылдайтын жалғыз балабақша. Онда 11 топтан тұратын 385 бала тәрбиеленеді. 73 адам жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкер үш балабақшаға 1020 орынға мемлекеттік білім тапсырысын алған. Осы арқылы жалпы есепте 214 жас маманға жұмыс көзін тауып берді. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz Сурет: Өскемен қаламсы әкімдігінің баспасөз қызметі.