
Осы кісі Семейдегі уездік училищеде оқып жүріп, дана Абайдың даңқын естиді. Сөйтіп, ол кісімен жолығып, тәлімін тыңдап, өнегесін үйренуді құп көреді. Ол заманда Абай атамыздың Семейге келуі – өз алдына бір хикая. Шаһар жұртына «Абай келе жатыр» деген хабар үш күн бұрын тарайды. Мүмкін дананың даңқына құмар ел арнайы таратады.
Бір күні «Абай «Жаңа Семей» жақтағы пәтер үйіне кешке келеді екен» деген хабарды естіген Әріп Тәңірбергенұлы бетін жуып, шайын ішпестен Абай ағасын іздеп шығады. Табады. Есіктен кіріп келіп:
– Ассалаумағалейкүм, Абай аға! – деп иіліп сәлем береді. Ақын жігітті Абай да сыртынан білетін болу керек, дереу сәлемін алып:
– Орныңда қозғалмай тұрып үйдегі мен сырттағыны бірауыз өлең ғып айтшы, – депті. Сонда Әріп іркілмей:
Шеккені бұл Семейдің өңшең қотыр,
Жиылар бір пұшпаққа опыр-топыр,
Шайына қосатұғын сүті де жоқ,
Аққу құстай сыланып қатыны отыр, депті іркілмей. Абай риза болып:
– Жарайсың, жігітім, – деп қасына отырғызып, жаңадан дастарқан жайып, күтеді. Әріп ағасымен бірге ет жеп, шай ішіп, мектебіне қайтады.
Ертеңіне Әріп кітабын қолтықтап мектепке бара жатса, Абай жанындағы жолдастарымен бірге базарға қарап тұр екен. Әріп:
– Ассалаумағалейкүм, Абай аға! Абай:
– Уағалайкүмассалам! Ей, Әріп, осы жыпырлаған базарды бірауыз өлең ғып айтшы, – дейді. Әріп:
Жегені бұл Семейдің өңшең палау,
Асығыс жұмыстары қызыл танау.
Бірі алып, бірі сатып шуылдасып,
Өз атын жаудай сабап кеткені анау, – депті. Бұл пароход келгендегі сигналында бірінші очеред алуға таласып, өз аттарын өздері сабалап, шауып бара жатқан пержевайшыларды айтқаны екен.
* * *
Содан тағы бірде Әріп «Абай ар жақта үлкен Семейге келіпті» деген хабар естиді. Бұл жазғытұрым уақыт екен. Ертіс бұзылып, сең жүріп жатыпты. Күзетші ешкімді ары өткізбейді. Содан ағасына сәлем беру үшін тәуекелге басқан Әріп күзетшіден қашып, бір сеңнен бір сеңге, мұздан-мұзға секіріп ар жаққа аман өтеді.
Абай түскен үйдің қақпасына келсе, арғы жағында өзі де бір топ жолдастарымен шығып келеді екен. Әріп қол қусырып, сәлем береді. Абай сәлемін алмастан:
– Ей, Әріп, албасты қандай болады? – депті. Әріп:
– Албасты тап сіздей болады, – депті. Абай үндемей жайына кете барады. Әріп те өз жөніне жүре береді. Дананың атқосшылары аң-таң болып, аңырап қалады. Содан бір жолдасы сөз бастап:
– Абай, сіздің шешендігіңіз, абырой-атақ, даңқыңыз барлығы да сай. Бірақ көпке түсініксіз бір мінезіңіз бар. Кейде бала-шағамен де сөйлесетініңіз қызық. Әлгі бала «албасты тап сіздей болады» деп сөгіп кетті ғой. Ауыр сөз ғой онысы, – дейді. Сонда Абай:
– Ол бала – атақты Ақтайлақ бидің немересі. Мені сөккен жоқ. Сөзіме дұрыс жауап берді. Мен оған қапылыста, тосын сұрақ қойдым. Ол «Албасты сіз сияқты қапылыста басады» деді. Бұл баламен ойнамаңдар, ол өзін маған сынатып жүр, мен сынап жүрмін, – депті.