
«Бастапқыда жалпы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысаны пайдалануға берілсе, уақыт өте келе бұл көрсеткіш айтарлықтай еселенді. 2015 жылы жалпы қуаты 114 МВт құрайтын нысан саны 9, ал 2021 жылы жалпы қуаты 387,8 МВт құрайтын нысан саны 17-ге жеткізілді. 2024 жылы стансалардың саны 22-ге жетіп, энергетикалық қуат 571,3 МВт болды», дейді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов.
Ресми мәліметке сүйенсек, ел бойынша 150-ге жуық жаңартылған энергия көздерін өндіретін нысан бар болса, оның 22-сі Жамбыл өңірінде орналасқан. Уақыт сұранысы қай кезде де назардан тыс қалған емес. Нақтырақ айтсақ, жұмысын ерте бастаған «Burnoe Solar-1», «Burnoe Solar-2» стансаларының жұмысы бір жүйеге түскен. Жауапты басқарма өкілдері келтірген дерекке сенсек, күннен электр энергиясын өндіретін бұл нысандар Орталық Азиядағы ірі стансалар санатына жатады.
«Өңірде жұмыс істеп тұрған 22 ЖЭК нысанының 6-уы су электр стансасы болса, 10 нысан желден, қалған 6 нысан күннен электр энергиясын өндіреді. Облыс аумағындағы жел электр стансаларынан – 275,65 МВт, күн электр стансаларынан – 271,25 МВт, су электр стансаларынан 24,4 МВт энергия өндіріліп жатыр», дейді басқарма басшысы.
Алдағы жылы Жамбыл облысында «Masdar» компаниясының ұйытқы болуымен жалпы қуаты 1 ГВт-ны құрайтын жел электр стансасының құрылысы басталуға тиіс. Жыл басында компания өкілдерімен кездескен өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жобаны жүзеге асыру бойынша жергілікті атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтқан болатын.
Жақында Абу-Дабиге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Masdar» компаниясы мен Қазақстан арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілгенін айтып өткен еді. Сондай-ақ Президент компания өкілдерімен Жамбыл облысында жалпы қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісім жасалғанын да мәлімдеді. Бұл ірі жобаға 1,4 млрд доллар көлемінде инвестиция салынбақ.
Жоғарыда айтылған жел электр стансасы салынған жағдайда Жамбыл облысы жаңартылған энергия көздерін өндіру бойынша локомотив өңірге айналмақ. 2024 жылдың алғашқы 10 айының өзінде ЖЭК нысандарынан сағатына 588,4 млн КВт электр энергиясы өндірілген. Жауапты басқарма басшылығы келтірген дерекке зер салсақ, 2021 жылы салынған «Жаңатас» жел электр стансасының да жұмысы бір арнаға түскен. Жалпы құны
49 млрд теңгені құрайтын нысанның жылдық өндіріс қуаты – 100 МВт. Сонымен қатар Жамбыл ауданы аумағында жылдық қуаты 50 МВт болатын «AEC ASA» күн электр стансасы, Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт болатын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2», «Новатэкс ЖЭС» жел электр стансасы жобасы жүзеге асырылды.
Жамбыл облысы