09 Ақпан, 2015

Маңғыстауда Ассамблея жылы ерекше атап өтіледі

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
thumb_220x125_1e6732a0d2b28a3b37bd860028ebd7f3АҚТАУ. 9 ақпан. Маңғыстау облысында Ассамблея жылы жасалатын бірқатар шаралар туралы айтылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Маңғыстауда мерекелік шаралардың алғашқы легі ақпан айында басталады. Этно-мәдени бірлестіктер шығармашылық ұжымдарының өнер байқауы өтіп, онда өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде ән орындап, ұлттық аспапта ойнау шеберліктерін сынға салады. Содан соң этно-мәдени бірлестіктер жастары арасында қазақ тілін білу деңгейінен сайыс өтіп, жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алады. Сондай-ақ, Ақтау қалалық әкімдігі мен Маңғыстау облыстық Ассамблея хатшылығы бірлесе жүргізетін «Бір шаңырақ астында» жобасы өз жалғасын тауып, этно-мәдени бірлестіктер өзара өнер жарыстыратын болады. Бұл жолы Қазақстанда тұратын ұлттардың тілінде ән шырқап, олардың ұлттық аспаптарында ойнаудан сынға түседі. Маңғыстауда Түркістан қаласынан бастау алған «ҚХА-20 қайырымды іс» акциясын қолдау шаралары басталған. «Қазақстан корейлері» Ассоциациясы Маңғыстау облыстық филиалы төсек тартып жатқан науқастарға дәрі-дәрмек таратса, «Русское землячество» ұжымы жуырда ардагерлерді құттықтап, оларға сыйлықтар тапсырып, материалдық тұрғыда көмек берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Маңғыстау облыстық хатшылығының меңгерушісі Г.Исмурзинаның айтуынша, республикалық көлемде өтетін Ассамблея кафедраларының байқауына жуырда ғана Ақтаудағы Каспий мемлекеттік технологиялыр және инжиниринг университеті жанынан ашылған кафедрада қатысатын болады. Гүлайым Шынтемірқызы. Дерек: egemen.kz. Сурет: shalkarfm.kz.