09 Ақпан, 2015

Солтүстік Қазақстан ауылдарына ақысыз ғаламтор қызметі жетті

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
казпочта-АтырауПЕТРОПАВЛ. 9 ақпан. Бұдан былай Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты «Якорь» ауылының тұрғындары да ғаламтордың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана алатын болады. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады. Жергілікті жерлердегі пошта бөлімшелерінде интернет байланысын жолға қою арқылы тиісті орындарға кез келген өтініш-тілектерді жеткізудің қолжетімділігін қамтамасыз ету «Қазпошта» АҚ жұмысындағы басым бағыттардың бірі саналады. Осыған орай аталмыш филиал жыл басынан бері Жамбыл ауданындағы «Благовещенка» және Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Советское» ауылдарындағы пошта бөлімшелерінде осындай қосындарды орнатқан болатын. Енді, міне, «Якорь» ауылының тұрғындары да ақысыз ғаламтар қызметіне қосылып, Ақмола облысында іссапарда жүрген «Қазпочта» АҚ басқармасының төрағасы Бағдат Мусинмен интернет байланысына шығу, өздерін толғантқан мәселелер бойынша ой-пікірлер алмасу мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, тұрғындардың саны үш мыңнан асатын ауылдың 50 пайызы интернетке қосылды. Ал жасы ұлғайған жандар болмаса интернет» тілін» білмейтіндер пошта бөлімшесіне келіп, операторлардың көмегіне жүгіне алады. Филиал директоры Ерік Нұрақаевтың айтуынша, мұндай қанатқақты жоба – қалалар мен ауылдардың байланысын нығайтудың бірден-бір тиімді жолы. Мемлекеттік сайттарға тегін кіру, шетелдерде немесе басқа қалаларда тұратын туған-туыстармен сөйлесу, тағы басқа қызмет түрлері қарастырылған. Бүгінгі таңда өңірдің 88 елді мекенінде пошта қызметінің 54 пайызы автоматтандырылған жүйеге қосылған. Алдағы міндет – барлық ауылды, әрбір тұрғынды интернетке қолжетімді жолдарын қарастыру. Өмір Есқали. Дерек: «Қазпошта» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі. Сурет: egemen.kz.