
Фото: anatili.kazgazeta.kz
Аналар ұйым болып ұйысты
2014 жылы бір-екі ай ішінде ғана құрылған консультативтік-кеңесу органы саналатын «Аналар кеңесі» – облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық жерлерде бар және кәсіпорындар мен этномәдени бірлестіктер жанынан да құрылған. Олардың барлығы белсенді жұмыс істеп жатыр.
Кеңестің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелердің және дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктер мен ғылыми әрі шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар.
Басты бағыттың бірі – толеранттылық
Құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы ұқсас екені белгілі. Ең бастысы – жас ұрпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі.
«Аналар кеңесінің» басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, бұл – үлкен маңызға ие мәселе. Бала бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейіл мен мәдениетті қарым-қатынастың негіздері қалана отырып, толерантты тұлға қалыптастасатыны сөзсіз.
Сан-салалы жұмыс
Ассамблея жанынан құрылған түрлі деңгейдегі «Аналар кеңесі» жұмысының негізгі бағыттары – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсету, отбасы институтын сақтап-нығайтуға ықпал ету, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу және өскелең ұрпақты тәрбиелеу.
«Аналар кеңесі» әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғыртуға атсалысып келеді.
Кеңес түрлі іс-шаралар арқылы берекелі отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстары өз алдына бір төбе.
Қайырымдылықтан тыс қалмаған
«Аналар кеңесі» қашанда еліміздегі жағдайларға бей-жай қарай алмаған. Мәселен, былтыр көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы көп балалы отбасыларына қол ұшын созып, пәтер жалдап, киім-кешек, азық-түлікпен көмек жасады. Оған дейін де мұндай шаралардан қалыс қалмаған. Алғыс айту күні және «Наурызама» онкүндігін мерекелеу аясында қайырымдылық акция, т.б. өткізді. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің өкілдері қосылып, олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Жалпы қай жағынан болса да Аналар кеңесінің қоғамға берері мол!
Атаулы күндерге атсалысып келеді
«Аналар кеңесі» қоғамымыздағы түрлі атаулы күндерді назардан тыс қалдырмай, іс-шаралар өткізіп келеді. Есірткі заттары, алкоголь тұтыну, т.б. зиянкестіктерден жастарды аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады әрі спорттық шараларды да өткізіп тұрады.
Аналармен өткізілген жиындарда қазіргі қоғамдағы отбасы мәселелері қозғалып, көп балалы жандардың әл-ауқаты, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңыздылығы, балалардың қауіпсіздігі және т.б. туралы айтылып, психологпен әңгіме де жүргізіледі.
Түрлі кездесулерде аналар өздерінің тәжірибелері мен кәсіптері және бизнес пен қоғамдық қызметті ұштастыру тәсілдері, т.б. туралы айтып, жастарды қиындықтардан өтіп, алға ұмтылуға шақырады. Бір сөзбен айтқанда мотивациялық шаралар ұйымдастырып келеді.
Форумдар
2014 жылы 13-14 қарашада «Аналар кеңесінің» I республикалық форумы, 2015 жылғы 26 қазанда II республикалық кеңес, 2016 жылғы 28-29 тамызда ІІІ кеңес өтті. Бұл алғашқы I, II, III, форумдар елорда төрінде өткізілді. Ал IV республикалық аналар кеңесі 2017 жылғы 6 қазанда Шымкентте өтсе, V кеңейтілген отырыс 2018 жылғы 29-30 қазанда Талдықорғанда өтіп, Кеңестің VI кеңейтілген отырысы 2019 жылы 29-30 қазанда Қостанай қаласында өтті.
Айта кетсек, 2024 жылы қараша айының 7-8 күндері Астанадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің 10 жылдығына арналған мерейтойлық форум өтті.
Жалпы айтқанда, аталған республикалық форумдарға аналар кеңестерінің делегациялары, министрліктердің өкілдері, депутаттар т.б. қатысты. Баяндамалар жасалып, мәселелер қаралды. Қазақстан мен көршілес елдердің әлеуметтік кепілдіктеріне салыстырмалы талдау жасалды. Этностардың мемлекеттік тілді ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде меңгеру мәселесі де қаралды. Аталған отырыстарда әлеуметтік саланы дамыту бойынша кең ауқымды талқылаулар және тәжірибе алмасулар болды.
Түйін
Бүгінде құрамында Парламент мүшелері, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да түрлі сала мамандарынан құралған зор әлеуетке ие «Аналар кеңесінің» қызметі барлық саланы қамтиды: білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық тәрбие, т.б. Кез келген адам көмек алу үшін кеңеске жүгіне алады.
Кеңестер қыз-келіншектердің құқықтық сауатын арттыру, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесін шешу бойынша орасан зор жұмыс жүргізіп келеді. Жыл өткен сайын аналардың отбасылық, рухани тәрбие, медиация, т.б. мәселелерге ат салысуы артып келеді.
Әлеуметтік маңызды жобаларды дамыту, отбасыларды қолдау жəне тұрақты мəдени құндылықтарды қалыптастыру тұрғысында «Аналар кеңесінің» рөлі ерекше. Түйіндей айтқанда «Аналар кеңесінің» қоғамға берері мол!