Оқиға • 28 Ақпан, 2025

Министрлік қант диабетімен күресті күшейтті

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде қант диабетіне шалдыққан азаматтардың хәлін жақсарту мақсатында кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Қоғам денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырған кеселді асқындырмай, ерте бастан анықтап, тиісті ем-домын жүргізу үшін мемлекет тарапынан тегін медициналық көмек көлемі ұлғайтылып, халықты тұрақты скринингтерден өткізу шаралары қолға алынуда. Бұл туралы Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде Қазақстан Республикасының Диабет қауымдастығының (ҚРДҚ) президенті Баян Жұманова мәлімдеді.

Министрлік қант диабетімен күресті күшейтті

Қазіргі таңда елде 500 мыңнан астам адам сусамыр ауруына шалдыққандықтан, тіркеуге  алынса, олардың 10%-ы 1-ші типті, ал 90%-ы 2-ші типті диабетке шалдыққан. Елімізде науқастарға дұрыс тамақтану, қандағы қант деңгейін ұдайы бақылау, саламатты өмір салтын ұстануды түсіндіріп отыратын арнайы диабет мектептері жұмыс істейді.

«Диабет мектебі пациенттерді көмірсуларды есептеу, нандық бірлік (ХЕ) қолдану, инсулин мөлшерін дұрыс анықтау, физикалық белсенділікті сақтау сынды дағдыларға баулиды», дейді Баян Жұманова.

Оған қоса диабетке шалдыққан азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен медициналық көмек көлемін ұлғайту мақсатында мемлекет жаңа шараларды енгізіп отыр.

«Елімізде 1-ші типті диабетпен ауыратын барлық азаматтар инсулинмен толықтай тегін қамтамасыз етіледі. Қосымша қандағы қант деңгейін өлшейтін құрылғылар мен тест жолақтары да тегін беріледі. 2-ші типті диабетке шалдыққандар үшін де тегін дәрі-дәрмек қарастырылған, бірақ оларға қандағы сирек қантты өлшейтіндіктен, тест жолақтарының саны шектеулі»,  деді Баян Жұманова.

Өткен 2024 жылы диабетке қарсы скринингтік тексерулер мен білім беру бағдарламалары кеңейтілді. Республика өңірлерінде эндокринологтар мен жалпы тәжірибе дәрігерлеріне диабетті емдеу бойынша оқу семинарлары өткізілді.

Диабетті дер кезінде анықтау аса маңызды, себебі бұл аурудың асқыну қаупінің алдын алады. Осыған байланысты әрбір азаматтың жылына бір рет қандағы қант деңгейін тегін тексерілу мүмкіндігі қарастырылған.

Былтыр, 2024 жылдың басынан бері елімізде 492 000 азамат қант диабеті диагнозымен тіркелген. Халық арасында диабетті ерте анықтау шараларының күшейтілуіне байланысты ауруды ерте ауыздықтауға мүмкіндік туып отыр.

«Диабеттің алдын алу үшін оның ерте анықталуы өте маңызды. Сондықтан біз скринингтік бағдарламалар арқылы халықты уақтылы тексерілуге шақырамыз. Әрбір 35 жастан асқан азамат жылына бір рет қандағы қант деңгейін тексеруі қажет»,  деп мәлімдеді Баян Жуманова.