Жәдігер • 01 Наурыз, 2025

Анна Германның моншағы

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи өлкетану музейінің қорында ықылым заманнан сыр шертетін байырғы жәдігерлермен қатар, танымал тұлғалардан қалған түрлі бұйымдар да баршылық. Музейге келушілер жергілікті азаматтар тапсырған тарихи құндылықтармен бірге есімі елге елеулі азаматтардың бұйымдарын да қызыға тамашалайды.

Анна Германның моншағы

ЮНЕСКО деңгейінде мойын­дал­ған әйгілі әнші-композитор Анна Германды бұрынғы Жамбыл қаласынан бөліп қарауға болмайды. Әлем бас иген ән періштесінің өзі байырғы Жамбыл шаһарын «менің қалам, мен осында мектеп табалдырығын аттағанмын» деп атағаны есімізде. Тағдырдың жазуы­мен бала күнінің бірнеше жылын Жамбыл қаласында өткізген әншінің көне шаһарға деген құрметі бөлек болған.

Облыстық тарихи-өлкетану му­зейінде әйгілі әншінің бірнеше бұйымы сақталған. Солардың бірі – тараздық Зейтуна Скрипаченкоға Анна Герман сыйға тартқан моншақ. Моншақты Зейтунаның қызы Га­лима он жылдан астам уақыт бұ­рын музейге тапсырыпты.

«Бұл моншақты Анна Герман 1979 жылғы өнер сапарында мей­рамханадағы жас жұмысшыға сый­лапты. Тіпті ол кісіні әйгілі әнші поляк тілінде «Зося» деп ат­аған көрінеді. Зейтуна бұл бұйым­ды ұзақ жыл бойы өз отбасында сақтапты. 2013 жылы оның қызы Галима құнды бұйымды музей қорына табыстады. Осылайша, біздің музейдегі құндылықтар қа­тары әйгілі әншінің моншағымен то­лықты», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Лаура Байтұрсынова.

Жалпы, облыстық тарихи-өлке­тану музейінің қорында атақты ән­шінің бұйымдарынан жасақталған арнайы витрина бар. Музейге келу­шілер тарихи жәдігерлерден бөлек, тағ­дырдың жазуымен бір­неше жыл Жамбыл қаласында тұрған әйгі­лі әншінің бұйымдарын да аса қызы­ғушылықпен тамашалайды.

 

Тараз