
Осыған дейін өткізілген жәрмеңкелерде құрылысшы мен коммуналдық салаға қажетті мамандарға сұраныс көп болыпты. Бұл жолы да жүк көліктері жүргізушілерін, құрылыс материалдарын дайындайтын епті мамандарды іздегендер аз еместігі байқалады. Әр мекемеден келген өкілдер жұмыс іздеген жандарға кәсіп жайлы толық мәлімет беріп, оларға жасалатын жағдай туралы да айтып өтті.
«Жәрмеңкелерге үнемі қатысып, мамандарды шақырамыз. Осы жолы автокөлік, жол тегістейтін көлік жүргізушілерін іздеп келіп отырмыз. Бізде жұмыс істеуге бар жағдай жасалған. Ынталы жастарды әрі қарай оқып, мамандығын жетілдіруге мүмкіндік береміз», дейді «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС-ның өкілі Әсем Байұлова.
Құрылыс материалдарын өндіретін «Құрылыс» АҚ өкілі бетон жасайтын маман іздеп келіпті. «Өндіріс автоматтандырылған, жұмысшыларды тасымалдау жолға қойылған. Жалақы уақтылы төленеді, басқа да әлеуметтік қолдауларымыз бар», дейді ол.
Бұл жолғы жәрмеңкенің бір ерекшелігі – заңгерлер қатысушыларға «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржы үнемдеу, несиесін төлей алмағандықтан бұғатталған есеп шотын қайта ашу, банкроттыққа өтініш беру бойынша тегін кеңестер берді.
«Былтыр қала бойынша 2302 адам қаржы сауатын арттырды. Биыл да жалғасатын жоба аясында 3 мыңнан астам тұрғынды оқыту жоспарланып отыр. Оның барысында заңгер, банкир, басқа да сала өкілдерінен жасақталған жобалық кеңсе қарызы көбейген тұрғындардың кестелерін жеңілдетіп, жағдайларына қарай өзгертіп береді», дейді «Amanat» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаеваның айтуынша, мұндай жәрмеңкелер жыл бойына тұрақты өткізіледі.
ҚЫЗЫЛОРДА