10 Ақпан, 2015

Бензин бағасы қалай болмақ?

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
бензин Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қаз­Мұ­найГаз» ҰК» АҚ-тың басшысы Сауат Мыңбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол «жағдай бәріңізге белгілі» дегендей, шараның сұрақ-жауап бөліміне бірден көшті. Ә, дегеннен Энергетика ми­нистрі Владимир Школьниктің өткен айдағы Үкімет сағатында, «Ресейден келіп жатқан арзан бензинге шектеу қоймасақ, отандық мұнай өңдеу зауыттарын мүлде тұралатып, ондағы жұмыс орындарын жабуға дейін әкеліп соғуы ықтимал», деген мәлімдемесінің жөн-жорығы жөнінде сұрақ қойылды. «Энергетика министрі В.Школь­­никтің осылай деп айтқа­нын жоққа шығармаймын. Жанар-жағармайдың үлкен бір бөлігі бүгінде Ресейден келіп жатыр. Әйтсе де, оның келетін көлемінің мөлшері индикативтік баланспен әр жылдарға арнайы белгіленетін. Бірақ, қазіргі уақытта Ресейден тасымалданып жатқан жағармайдың көлемі индикативтік теңгерімнен көбейіп кетуде. Мәселен, ашық түсті мұнай өнімдері жылына 1,8 млн. тонна әкелінетін. Енді сол көлемнен аса бастағанда, әри­не отандық мұнай өңдеу зауыт­тары­ның жұмысына кері әсер етеді», деді С.Мыңбаев. Ұлттық компания басшысы Ре­сейден әкелініп жатқан бензинге және басқа сұйық отындарға шек­теу қою жөнінде қандай да құ­жаттардың әзірленгенін білмей­тінін айтты. Әрі-беріден соң ондай шектеу қоюға тек Энергетика министрлігі ғана құқылы екенін жеткізді. Әйткенмен, өзінің пікірін де ашық білдірді. «Менің пайымдауым бойынша, ондай шектеу болмағаны абзал», деді ол. Егер оның пайымы қаперге алынса, жанар-жағармайдың бағасы әлі де арзандауы бек мүмкін. Брифингте таратылған бас­пасөз парақшасымен де танысып шықтық. Ондағы мәліметтерге жүгінсек, табиғи газ өндіру өткен жылы 6 пайыздық өсіммен 4 736 млн. текше метрге жетіпті. «2014 жылы мұнай мен мұнай конденсатын өндірудің жинақталған көлемі ҚМГ компаниялар тобы бойынша 22 491 тоннаны құрады. Табиғи газ өндіру жыл ішіндегі 6 пайыздық өсіммен 4 736 млн. текше метрге жетті. Былтырғы жыл­дың жоспарына қосымша 267 млн. текше метр табиғи газ өнді­рілді», делінген баспасөз парақ­ша­сында. Ал, мұнай өңдеу көле­м­іне тоқталатын болсақ, 2014 жылы жоспардағы 14 889 мың тоннаның орнына 14 911 мың тонна өнім өндіріліпті. Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жұмыстары басталып кетіпті. Атырау мұнай өңдеу зауытында ароматты көмірсутегі өндірісі бойынша кешенді құрылыс жүргізіліп, жоба белсенді жұмыс істеу кезеңінде тұр. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында битум шығаратын зауыт толық жобалық қуатында жұмыс істей бастапты. Саладағы кейбір қиындықтарға қарамай «ҚазМұнайГаз» АҚ қыз­мет­керлерiнiң жалақысын қыс­қарту компания жоспарында жоқ екен. Журналистердің сұрақ­тары­на жауап берген С.Мыңбаев ком­панияның бюджетi қайта қаралып, онда мұнайдың бір баррельі 50 доллар бағамен есептелгенiн айтты. Десе де, бұған дейiн қабылданған бюджет шығындары айтарлықтай қысқарыпты. «Мамандар саны мен жалақы мәселесiне келетiн болсақ, жұмыс орны қысқармайды. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында жүргiзiлiп жатқан трансформация бағдарламасын ескере отырып, «ҚазМұнайГаз» АҚ құрылымы да оңтайландырылып жатыр. Ал, жалақы мәселесіне келсек, оны қысқарту жоспарда жоқ, есесiне оның көлемiн арттыру да қарастырылмаған», деді ол. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».