Оқиға • 03 Наурыз, 2025

Белгілі мұнайшы-геолог Олег Герштанский өмірден өтті

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мұнай-газ саласының көрнекті қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Маңғыстаудағы мұнай мен емдік-минералды су кен орындарын ашқан ғалым Олег Сергеевич Герштанский қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Белгілі мұнайшы-геолог Олег Герштанский өмірден өтті

Фото: lada.kz

Олег Герштанский 1978 жылдан бастап өмірінің соңына дейін мұнай-газ саласында түрлі лауазымдарда еңбек етіп, Қазақстанның энергетикалық секторына айтарлықтай үлес қосқан. 

Ғалым Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының мүшесі, Энергетика министрлігінің жанындағы Көмірсутек кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі, сондай-ақ «KAZENERGY» қауымдастығының Ғылыми-техникалық кеңесінің құрамында болған. Ол 100-ден астам ғылыми мақаланың, 82 өнертабыстың және 5 монографияның авторы.

Еңбек жолындағы жетістіктері үшін О.Герштанский «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы», «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қайраткері» атақтары берілген.

«Олег Сергеевич жарқын ғұмыр кешті, әрдайым белсенді азаматтық ұстанымда болды, оны терең адамгершілік қасиеттері, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығы ерекшелендірді. Геологтар мен геофизиктер қауымдастығы өзінің ең қымбатты мүшелерінің бірін – еліміздің мұнайшылар дәстүрін сақтаушы әрі қорғаушы тұлғасын жоғалтты», делінген хабарламада.