10 Ақпан, 2015

Тілді асық ойнап жүріп үйренеді

813 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
_MG_6597 Асық ойнау, асық ату кішкен­тайларды ептілікке және мергендік пен дәлдікке тәрбиелей алатын ұлттық ойындардың бірі. Оны бұған дейін негізінен өз ұлты­мыздың перзенттері өздеріне серік еткені белгілі. Ал еліміздегі өзге этнос өкілдерінің балалары асық ойнай ма? Бұл сауалға кім-кімде болмасын қапелімде жауап бере алмай ойланып қалатыны анық. Бұған көп тосылудың қажеті жоқ болып шықты. Орал қалалық білім бөліміне қарасты мектептен тыс жұмыс орталығындағы «Тілашар» үйірмесі осы асық­тың екі бірдей пайдасын орыс мектептерінде оқитын өзге отан­дастарымыздың балаларының бойына дарытып жүргені жоға­рыда қойылған сауалдың жауабы іспеттес. Мәселенің мәнісі мынада. Тілашар үйірмесіне қатысушылар үшін асық ойнау қазақ тілін емін-еркін үйренудің басты бір жолы болып отыр. Сөйтіп, өзге ұлт өкілдерінің жеткіншектері үйірме жұмысына қатыса жүріп тұрмыстық тілді тәп-тәуір мең­геріп алыпты. Тіпті, олар мұнда үйренген сөздерінің мән-мағы­на­сын үйлеріне барғаннан ке­йін ата-аналарына да айтады. Тағы бір сүйсінерлігі олар бала­ларының айтқандарын жерге қалдырмай ұлттық бояуға толы қазақша сөздердің түп-төркінін балаларының айтқандары арқылы ұғынып алуға тырысады екен. Тілашар үйірмесінің жетекшісі Нұргүл Мұратованың тіл сындыру сабақтарын халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері мен ұлттық ойын түрлері негізінде өт­кізуі оған қатысушылардың үл­кен қызығушылығын туғыза біліпті. Тек осындай жағдайда ғана сабақтар әсерлі әрі нәтижелі болатынына көз жеткізіп жүрміз. Үйірме мүшелері көбіне ұлттық «Хан талапай» асық ату ойыны түрінде өткізілетін сабақтарда жаңа сөздерді тез әрі шапшаң меңгеріп алады. Үйірмеге келетін өзге этнос өкілдері балаларының мемлекеттік тілді үйренуге деген құштарлықтары жоғары. Олардың қай-қайсысы да Қазақстанда тұрған соң қазақ мемлекетінің тілін білуге тиістіміз деген өздерінің жүрекжарды тілектерін маған да айтып жатады, – дейді ол. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.