
Бұл адам – ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен, ел мен елді бітістіріп, әділдігімен, тапқырлығымен, шешендігімен халық арасында зор беделге ие болған тұлға. Ол кісінің «Бәрінен сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң, келеке қылады» деген тәмсілін сөз ұстаған адамдар қазірдің өзінде бәрінен жоғары қояды.
Досбол бидің ерекшелігі Арқада туып, Сыр бойында дүниеден өткендіктен, өмір сүрген алабы кең әрі артында сөз мұрасы көп қалған адам. Соның бір парасы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған (№1058 бума) екен. Осындағы мәтінде бұл кісі сөзге бай болғанымен, малға жарлы екені баяндалыпты.
Бір күні Досбол би сауынға мал дәметіп, туған құдасына барады. Құдасы дәулетті адам екен. Биді салтанатымен қарсы алады. Досекең шешіліп сөйлеп, көсіліп әңгіме айтады. Тәнті болған құдасы:
– Құда, сіз сөзден жеңіліп көрдіңіз бе? – деп сұрайды. Сонда би:
– Жеңілгенім жоқ, тек екі рет қатты ұялдым, – депті. Құдасы «жеңілмеген адам қалай ұялады» дегендей аңтарылып қарайды. Көптің назары өзіне ауғанын аңғарған би:
– Бірде – қасқырдан, екінші рет – сенің қызың, менің келінімнен қатты ұялдым, – дейді.
– Таң бозымен ерте тұрып, қотанды аралап жүр едім, бір қасқыр қотанға шауып кірді де, маған тілін жалаң-жалаң еткізіп, өте шықты. Мына қасқыр «Досболдың қотанын шауып, құрауыз шықтым», дейді-ау деп қатты ұялдым. Екінші рет сіздің қызыңыз маған келін болып түскен соң, мал келгенде шелек алып, қотанға кіріп барды. Ойы – өзімізге қарасты малды сауу. Оны көрген басқа қатындар: «Бидің үйінде мал болмайды, шырағым, қайта ғой», депті. Келінім шелегін құр көтеріп келе жатқанда қатты ұялдым», депті.
Сөздің төркінін түсінген құдасы сауын беріпті. Досекең сонда да қоймай «құда, мына малды айдап кететін ат керек» дейтін көрінеді.