Алматыда қалалық денсаулық сақтау басқармасы, «Қатерлі ісікке қарсы бірге» қоғамдық қоры, Алматы онкологиялық орталығы мен Саламатты өмір салтын қалыптастыру Алматы қалалық орталығының қолдауымен 4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай бірқатар іс-шаралар өткізілді. Халықаралық UICC одағы белгілеген бұл күннің мақсаты – Жер шары тұрғындарына аты жаман ауру туралы мағлұмат беру, оны уақтылы анықтап, емдеу және аурудың алдын алу.
UICC – онкологиялық ауруларға қарсы күресу мақсатында 1933 жылы құрылған әлемдегі ең ірі үкіметтік емес ұйым. Аталған қордың Жер шарының 120 мемлекетінде 400-ден астам мекемесі бар. Оның Қазақстандағы өкілі – Алматы қалалық онкологиялық орталығы мен «Қатерлі ісікке қарсы бірге» қоғамдық қоры және де Онкология мен радиология ҚазҒИИ.
Бүгінде онкологиялық аурулар төрткүл дүниедегі өзекті де күрделі проблемалардың бірінен саналады. Қазақстанның канцер-регистрінің мәліметі бойынша, жыл сайын Қазақстанда 30 мыңға жуық обыр ауруы анықталып, 140 мыңға тарта науқас диспансерлік есепте тұрады. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 17 мыңға жуық адам асқынған аты жаман аурудан қайтыс болады екен.
Міне, осы аурудың алдын алу мақсатында Алматыда жыл сайын дәстүрлі іс-шаралар өткізіледі. Биыл оның ауқымы кеңейтілген. Мәселен, 27 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Алматы қаласының барлық емханаларында онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша он күндік өтті. Онда Алматы қаласының кез келген тұрғыны жас шамасына қарамай, өз емханасына барып, онколог, маммолог мамандардан кеңестер алды, сонымен қатар көрсеткіштері бар болған жағдайда диагностикалық тексеруден өтуге мүмкіндіктер алды. 31 қаңтар күні сағат 14.00-ден 18.00-ге дейін оңтүстік астананың «Мега» және «Есентай Молл» ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында «Қатерлі ісікпен күресейік» ақпараттық науқан өтіп, шара барысында саламатты өмір салты мен қатерлі ісіктің алдын алу жайында буклеттер, онкоаурулардың алдын алу бойынша он күндік туралы парақшалар және басқа да материалдар таратылды.
Сондай-ақ, 4 ақпанда «Интерфакс-Казахстан» агенттігінде Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы, Алматы онкологиялық орталығы, «Қатерлі ісікке қарсы бірге» қоғамдық қоры және Саламатты өмір салтын қалыптастыру Алматы қалалық орталығы басшыларының қатысуымен Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Алматы Онкологиялық орталығында былтыр сәулемен емдеуді күшейткіш аппаратымен жүзеге асыратын емдеудің жаңа технологиясы енгізіліп, осы әдіспен бүгінде 20 адам емделіп шыққаны айтылды. Мұндай заманауи технология ТМД елдерінде жоқ. Аталған технология науқасты емдеу күндерін қысқартып, нәтижесін жақсартады. Ол сүт безі қатерлі ісігі интраоперациялық ота жасау кезінде қолданылады. Қазіргі таңда әлемде жақсы нәтиже беріп отырған лапроскопиялық емдеу әдісі де орталықта сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазір жаңа әдіс 30 шақты адамды емдеуде өз тиімділігін көрсеткен. Мамандардың айтуынша, тіркелетін науқастар санының артуы ерте сатыда анықтаудың нәтижесі болып отыр. Мәселен, 2014 жылы қуық асты безінің қатерлі ісігі Алматыда 7-8-ші орында тұрса, қазір 2-ші орынға шыққан. Бұл көрсеткіштің бірден көтерілуінің себебі – скринингтік тексерулердің арқасында ауруды ерте анықтағаннан дейді мамандар.
Алматы онкологиялық орталығында 2014 жылы 26 шағын инвазивті операция жасалды, деді баспасөз конференциясында Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Диляра Қайдарова. Мұндай оталар ішек, асқазан, өкпе обырының бастапқы кезеңінде эндоскопиялық тәсілмен жасалады. Сүт безі қатерлі дертін емдеуде де ағза мүшесін сақтап қалуға мүмкіндік жоғары. Егер бұған дейін сүт безін түгел алып тастасақ, қазір оны хирургиялық жолмен сақтап қаламыз. Біздің мамандарымыз Италияда білім алып келген. Орталық басшысының айтуынша, ел Үкіметтің онкологиялық бағдарламасына сәйкес елімізде 6 скринингтік тексеру енгізілген. Қазақстан ТМД елдері арасында тегін тексеруге қаржы бөліп отырған жалғыз мемлекет.
Айта кетерлік жағымды жайт, 7 ақпанда Алматы онкологиялық орталығында арнайы БАҚ өкілдері үшін дәстүрлі ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында журналистер тексеруден өтіп, онколог мамандардан кеңестер алып, көрсеткіштері бойынша диагностикалық зерттеуден өте алды. Сондай-ақ, Алматы қаласының бас онкологы Д.Қайдарованың қатысуымен брифинг болды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».