10 Ақпан, 2015

Алда алып асулар тұр

211 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Еліміздің Әділет министрлігінде 2014 жылдың қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда «Әділет органдарының 2014 жылдағы жұмыс қорытындысы және 2015 жылға арналған басым міндеттері» тақырыбында Әділет министрі Берік Имашев баяндама жасады. Ол баяндамасын: «2014 жылы әділет органдарының күш-жігері 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауда айқындалған Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің, Үкімет басшылығының тапсырмаларын тиісінше орындауға бағытталды» деп бастады. Одан әрі министрдің айтуы бойын­ша, Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында Әділет министрлігіне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік басқаруды, өзектендіруді жетілдіру бойынша, шағын және орта бизнесті кешенді дамыту, жекеменшік инс­титуттарын нығайту барысында және т.б. ұсыныстар енгізуге қатысты 16 іс-шараны орындау тапсырылған екен. Міне, осы 2014 жылға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында көзделген барлық іс-шараларды Әділет министрлігі мерзімінде орындапты. 2014 жылғы тамызда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті әлемнің дамыған 30 елі қатарына ену үшін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру және мемлекеттік аппарат жұмысының жеделділігі мен тиімділігін арттыру үшін, сондай-ақ төрешілдікті болдырмау мақсатында ықшам басқару аппаратын қалыптастыру қажет етіледі деген болатын. Бұл орайда Елбасының «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде Әділет министрлігі 3 комитетті – сот актілерін орындау, зияткерлік меншік құқығы және тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеттерін министрліктің департаменттері ретінде қайта ұйымдастырған. Осыған байланысты атқа­ру­шылық іс жүргізу органдарының аумақтық бөлімшелерін жергі­лікті жерлердегі Әділет департа­менттеріне қоса отырып, олар қайта ұйымдастырылды. Сонымен қатар, әкімшілік басқарудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесін қалыптастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылауды күшейту және бизнес-процестерді автоматтандыру мақсатында «Облыстардың, Алматы және Астана қалаларының Жылжымайтын мүлік орта­лық­тарын» 16 республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіп­орындарды бір заңды тұлғаға қосу арқылы олардың қызметі оңтайландырылды, дейді министр. Мемлекет басшысының «Қа­зақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері ара­сында өкілеттіктердің ара-жігін ажырату жөніндегі шаралар тура­лы» Жарлығының ережелерін іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаны белгілі. Аталған заң шеңберінде кейбір заңнамалық актілерге Әділет министрлігінің жекелеген функцияларын беруге, нақтылауға және толықтыруға бағытталған өзгерістер мен то­лықтырулар енгізілді. Үкімет пен Әділет министрлігі арасындағы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін, сондай-ақ Министр бұй­рығы деңгейінде бағалау қыз­меті саласындағы нысандар мен стандарттарды бекіту бойын­ша өкілеттіктердің аражігі ажы­ра­тылған. Норма шығармашылығы саласында мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкі­леттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама алып тасталған. Бұл сыбайлас жемқорлық нормалардың нормативтік-құқықтық актілерге заң сараптамасын және заң жобаларына ғылыми құқықтық сараптама жүргізу кезінде анықталғанымен байланысты болады. Сондай-ақ, тағы бір жаңа инс­титут – заңнамалық актілерді қолдану мен іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік беретін кәсіпкерлік қызметті реттейтін актілерге қатысты реттеушілік ықпал етуге талдау енгізілген. Атап айтқанда, кәсіпкерлік үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша заңда аталған институттың негізгі ережелері нормативтік түрде айқындалған. Демек, енді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті мен өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге және Заңның талаптарын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың, сондай-ақ мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси-құқықтық, ұйымдастырушылық-басқарушылық жүйелерiн қорғаудың басымдығы қағидаты негізінде орындауға міндетті. Министрліктерге тиісті са­ладағы мемлекеттік саясатты қа­лыптастыру мен іске асыру жө­ніндегі міндет жүктелген, сон­дықтан да әрбір мемлекеттік орган өзі әзірлейтін актілерде сыбайлас жемқорлық тудыратын нормаларға жол бермеуге тиіс. Бұдан басқа, құқықтық мониторинг шеңберінде әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шеңберінде қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тудыратын нормаларды анықтауға және оларды жою жөніндегі шаралар қабылдауға міндетті. Мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру саласында Әділет ми­нис­тр­лігінің азаматтық хал акті­лерін тіркеу және туу туралы куәліктерді беру кезінде жеке сәй­кестендіру нөмірлерін қалып­тастыру бөлігіндегі функция­лары жергілікті атқарушы органдарға берілген. Актілерді тір­кеу әкімдіктер басшылық ететін әлеуметтік мәселелермен байланысты. Функцияларды беру көші-қон, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша жалпы мемлекеттік сая­сатты жүргізу бойынша жұмыс­ты кешенді үйлестіруге мүмкін­дік береді, сондай-ақ, өңірді әлеумет­тік-экономикалық дамытуды ұтымды жоспарлауға ықпал ететін болады. Атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру мақсатында Әділет министрлігінің республикалық меншікке айналдырылған (келіп түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру бойынша функциясы Қаржы министрлігіне берілген. Осылайша, ахуалды баяндаған министрдің сөзіне қарағанда, жалпы алғанда, өткен жыл жемісті әрі қарқынды жұмыс жылы болған көрінеді. «Департаменттер мен аумақтық органдарда тиімді жұмысты ұйымдастыру «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауда көзделген ауқымды мақсаттар мен міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауға, сондай-ақ, Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшылығының нақты тапсырмаларын орындауға мүмкіндік берді», дейді министр. Енді Әділет органдары алдында алып асулар тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру және «Нұрлы Жол» Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясаты туралы тапсырмаларын іске асыру жөніндегі маңызды және жауапты міндеттер бар. Бұл орайда олар 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспар шеңберінде мемлекет қызметін одан әрі құқықтық қамтамасыз ету, заңдылық режімін қолдау және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді іске асыруға тиіс. «Мыңдаған адамды қамтитын біздің ұжымымыздың осы міндеттерді орындауға шамасы жететініне сенемін» деді Б.Имашев. Ал оны уақыт көрсетпек. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».