ПЕТРОПАВЛ. 4 мамыр. Облыс орталығындағы Жеңіс саябағын қалпына келтіру жұмыстары аясында олтүстікқазақстандық Кеңес Одағы Батырларының есімдері жазылған пилон мен елімізді неміс басқыншыларынан азат етуші жауынгерлердің жиындық образын бейнелейтін еңселі ескерткіш орнатылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл шаралар Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша атқарылуда. Саябақ Жеңістің 40 жылдығында ашылғанымен, көп жылдар бойы күтімсіз қалған болатын. 2010 жылы саябақтың орталық аллеясы күрделі жөндеуден өтсе, биыл жерлес батырларымыздың Даңқ аллеясы құрылды. Ақпараттық пилондарға 66 солтүстікқазақстандық қахарманның есімдері жазылды. Сондай-ақ Мәскеу, Курс иіні, Ленинград қорғанысы, Еуропа елдерін азат ету, Берлинді басып алу оқиғаларына байланысты басты жорықтар мен шайқастар тізбегі көрсетілген.
Ал, Жеңіс саябағында азат етуші жауынгерге арналған ескерткіштің биіктігі 4,5 метр, салмағы 3 тоннаға жуық. Авторы – жергілікті мүсінші Светлана Брютова.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.