10 Ақпан, 2015

Ақпараттар ағыны

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
*Ел экономикасын банк­тер тарапынан несиелендіру көлемі былтыр 7,2 пайызға өсті. Ұлттық банктің хабарлауынша, сектордың жиынтық активтері 2014 жылы 17,9 пайызға көбейіп, 18 239,3 млрд. теңгені құраған. *Мемлекетімізде мик­ро­қаржы нарығында 100 млрд. теңгеге жуық несие берілген. Микроқаржы ұйымдары қау­ымдастығының директоры Анатолий Глуховтың айтуынша, еліміз бойынша ұсынылған шағын несиелердің 60 пайызы микроқаржы ұйымдарына тиесілі. *Биыл Астанада 108,6 шақырым жол салынып, жөнделеді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы атап көрсеткендей, елордадағы 11 тұрғын алабында жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын 30 көше салынады. *Талдықорғанда жаңа пошта бөлімшесі пайдалануға берілді. Алматы облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше, бұл «Қазпошта» АҚ №8 байланыс бөлімшесінде халыққа зейнетақы алу, коммуналдық төлемдер, ақшалай аударымдар жасау, салық төлеу, тағы басқа да көптеген қызмет түрі ұсынылады. Сондай-ақ, облыс аумағында енді енгізіліп жатқан постамат алғаш рет осы бөлімшеге орнатылмақ. *Ордабасы ауданында жаңа емхана қатарға қосылды. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі аудандағы Қажымұқан елді мекенінде ашылған жаңа дәрігерлік амбулаторияға 86 млн. теңге жұмсалғанын жеткізді. Мұнда медицина қызметкерлеріне де, ем алушыларға да барлық жағдай жасалған. *«Көне Тараз» жобасы мыңдаған тұрғындарды жұмыспен қамтиды. Жамбыл облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне қа­ра­ғанда, үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын тойлау кезінде «Көне Тараз» сая­бағының алғашқы нысандары қонақтарды қабылдайды. Айта кетейік, мұндағы архео­логиялық зерттеулерге, ес­керткіштерді қалпына келті­руге, инфрақұрылым мен құ­рылыс жұмыстарына 6 млрд. теңге жұмсалмақ. *Көкшетаудан Атырау мен Ақтауға қатынайтын қо­сымша әуе рейстері ашылды. Ақмола облысы әкім­дігінің баспасөз қызметі жолаушылар тасымалын «SCAT әуекомпаниясы» АҚ жүзеге асыратынын мәлімдеді. Бұл ел азаматтарының Ақтау мен Атырау аэропорттары арқылы Солтүстік Кавказ өңіріне, Ресейдің оңтүстігіне, Түркия мен басқа да елдерге ұшуға мүмкіндік береді. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және nur.kz деректері бойынша дайындалды.