Ғылым • 12 Наурыз, 2025

Зерттеу мен өндірісті үйлестіру басымдығы

100 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қандай қоғам болса да ғылым оның жетекші күші екені барша­мызға мәлім. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл берсеңіз» деп хакім Абай айтқандай, ғылым­ды басшылыққа алған ел ғана даму­дың алдыңғы қатарынан көріне алады.

Зерттеу мен өндірісті үйлестіру басымдығы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өкінішке қарай, осы өмір шындығын біз егемендігімізге қол жеткізген уақыт аралығында жадымыздан шығарып алып, ғылымды ұйымдастырудағы талай мүмкіндігімізден айырылып қалдық. Сол себептен де экономикамыздың дамуы негізінен шикізаттық бағыттан шыға алмай, тиімділігі мен бәсекелестігі төмен деңгейде қалып отыр. Әрине, оны орнына келтіру бір күндік тірлікпен шектелмейтін, инемен құдық қазғандай уақыт пен шыдамдылықты талап ететін күрделі жұмыс екені белгілі.

Мемлекет басшысының отандық ғылым мәселесіне ерекше көңіл бөліп, осы салада түбегейлі өзге­рістерді жүргізу мен қаржылан­дыру көлемін арттыру жөнінде берген нақты тапсырмалары ғылымның дамуына жаңа серпіліс беріп жатыр. Оған дәлел – жаңадан қабылданған «Ғылым мен технологиялық саясат туралы» заң, кейінгі жылдары ғылым сала­сын қаржыландырудың 3,5 есеге арт­қаны, соның ішінде Ұлттық ғылым академиясының қайта құрылып, оған ерекше мәртебе берілгені.

Алғашқы күннен бастап-ақ Ұлттық ғылым академиясы алдына қойылған мін­дет­терді жаңа көзқарас негізінде орын­дауға кірісті. Ең алдымен, саладағы қалып­тасқан жағдайға жүйелі түрде сарапта­ма жүргізіп, оның дамуына тежеу бо­лып отырған себептерді анықтадық. Өйт­кені оларды білмей жатып салада түбе­гейлі өзгерістерді жүргізу мүмкін емес. Соның қорытындысы мен дамыған елдер­дің оң тәжірибесіне сүйене отырып академияның 10 жылға, яғни 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын даярладық. Ғылымда ең маңыздысы – ғалымдарға дұрыс мақсат қою. Ғылыми ізденістердің басым бағыттарын анықтау мақсатында алғаш рет ғалымдардың, мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының қатысуымен ізденістердің 30 салалық және өңірлік форсайттық сессияларын жүргізіп, ғылымымызға тән 200 стратегиялық маңызды тақырыптарды анықтап, құзыретті министрлікке та­быс­тадық. Бұл – өте маңызды іс. Себе­бі бізде осы уақытқа дейін ғылы­ми зерттеулердің бағыттары мен тақы­рыптарын ғалымдар мен ғылыми ұйым­дардың тек өз мүмкіншіліктеріне негіз­делген ұсыныстары бойынша белгілеу орын алып келген. Яғни бұл істе мемлекетіміздің даму стратегия­сы, оның бәсекелік басымдықтары, жаңадан туындап келе жатқан технологияларды қолдау және өндірістің нақты сұраныстары толық ескерілмеген. Мұның өзі бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуы мен ғылыми ізденістер нәтижелерінің өндіріске енгізілмей сөрелерде жатуына әкеліп соққан. Жоғарыда аталған ғылыми зерттеулердің тақырыптары келесі жылдан бастап қолданысқа енгізілмек және сол арқылы ғылымға берілетін қаржының тиімділігін арттыруға мүмкіншілік туады.

Ең бастысы, біз ғылымды дамытудағы басым бағыттарды айқындаудың жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін ұсындық. Қазіргі таңда Жоғары ғылыми-тех­никалық комиссия 3 жылға ғылымның 7 басымдығын бекітеді, олар өз кезегін­де тағы 153 мамандандырылған басым ғылыми бағытқа бөлінеді. Бірақ шын мәнінде, бұл – басымдықтарды анықтау механизмі емес, ғылым бағыттары бо­йынша бюджет қаражатын бөлудің ғана схемасы. Осыған байланысты академия ғылыми зерттеулердің тиімділігін қамтамасыз ететін елдің бәсекелестік артықшылықтарына негізделген ғылымды дамыту басымдықтарының жаңа жүйесін ұсынды. Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі өз тарапынан 2026 жылдан бас­тап Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметіне сол өзгерістерді енгізуге міндеттенді.

Ғылымымыздың келесі бір күрделі мәселесі – ол ғылыми кадрлардың тап­шы­­лығы мен олардың кәсіби құзырет­тілігінің төмендігі. Әлемде орта есеппен әрбір миллион тұрғынға 1 500 ғалымнан келеді екен. Ал бізде бұл көрсеткіш 1 089 ғана. Яғни біз әлемнің деңгейінен қалып тұрмыз. Ал ең маңыздысы, ғылыми мамандарды даярлаудың сапасы өте төмен. Бұл мәселелерді шешу бағытында біз кешенді шараларды жүзеге асыруға тиістіміз.

Ғылымды қарқынды дамытудың ең сара жолы – ғылым саласындағы ха­лықаралық байланыстарды дамыту және сол арқылы өзімізде жоқ ғылыми білім мен құзыреттілікті елімізге тарту. Сондықтан академия жанынан Оңтүстік Корея, Германия және Қытай ғалымдарымен бірлесіп 3 халықаралық ғылыми орталық құрылды. Мысалы, жақында академиямызда Қазақстан-Қытай ғылым және технология транс­ферті орталығын құру туралы келісімге қол қойдық. Оның шеңберінде жасан­ды интеллект және орнықты даму жөніндегі халықаралық ғылыми зертхана құрылатын болды. Ол бізге олардың үлкен кеңістік деректерін пайдалана отырып, жасанды интеллектің көмегімен табиғи апаттарды алдын ала болжауға мүмкіндік бермек. Бұл жобаға Қытай тарапынан салынатын инвестиция көлемі 1 млрд юань немесе 70 млрд теңгені құрайды. Осындай жобалар негізінде еліміздің ғылым саласына тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемін арттыру бүгінгі таңдағы басты мақсатымыздың бірі болу керек.

Ғылымымыздың тағы бір жүйелі мәселесі – ғылымның жергілікті жерлерде дамымай отырғаны. Қазіргі уақытта ғалымдарымыздың және де ғылымға бөлініп отырған қаржының үштен екісі Астана мен Алматыда шоғырланған. Жергілікті бюджеттердің ғылымға қосып отырған үлесі 1%-дан аспайды. Осындай себептермен бізде өндіріс пен ғылымның арасында үлкен алшақтық орын алған. Ал дамыған елдердің тәжірибесіне келер болсақ, олардың экономикадағы жетіс­тіктерінің барлығы да жергілікті жерлердегі ғылым мен өндірістің тығыз қарым-қатына­сында және де осы істегі жергілікті биліктің белсенділігінде екенін көреміз. Көрсетілген кемшіліктің орнын толтыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстық әкімдіктерде аймақтық ғылым мен технологиялар кеңестері құрылып, өз жұмыстарын бастап жатыр. Ұлттық академия осы іске өзінің методикалық кеңестері мен практикалық көмектерін көрсету арқылы тиісті үлесін қосып келе­ді. Қазіргі таңда бұл мәселеге байланыс­ты 5 облыста Ұлттық академия Прези­диумының көшпелі отырыстары өткізілді және де бұл жұмыс ары қарай жалғасады.

Міне, осындай ғылым саласында қордаланып қалған күрделі мәселелерді жүйелі түрде шешу арқылы академия отандық ғылымды заман талабына сай жаңа деңгейге көтеруді өзінің ең негізгі міндеті деп санайды. Осыны жүзеге асыру арқылы біз ғылымды «ғылым саясат үшін» деген қағидатқа сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды бөлігіне, дамыған елдердегідей мемлекеттік органдарға ғылыми кеңес пен қабылданатын шешімдеріне тәуелсіз сараптама беріп отыратын жетекші күш­ке айналдыруға мейлінше ықпал етеміз.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Ұлттық құрылтай мүшесі, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті