Оқиға • 12 Наурыз, 2025

Ұлттық құрылтайдың бастамасымен 9 заң қабылданды

76 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2024 жылғы 18 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген бастамалар нәтижесінде 10 заң жобасы ұсынылып, 9 заң қабылданды. Бұл бастамалар елдің әлеуметтік, құқықтық және мәдени дамуына бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық құрылтайдың бастамасымен 9 заң қабылданды

Фото: Ақорда

Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды. Бұл заңдар әйелдер мен балаларды қорғауды айтарлықтай күшейтеді. 21 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің төменгі палатасы бекіткеннен кейін Қазақстан Сенаты заң жобасын 11 сәуірде қабылдады. Бұл заң Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аймағында әйелдер мен балаларды қорғаудың жаңа шараларын енгізген бірінші заң.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық енді қылмыстық іс ретінде қарастырылады, ал педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Сонымен қатар, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді. (Заңға 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойылды.)

Вейптер мен темекі өнімдеріне толық тыйым салу

Құжат бойынша электронды темекі өнімдерін сатқан адамға 700 мың теңгеден астам айыппұл салынады немесе 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Заңда 50 тәулікке қамау жазасы да қарастырылған. Вейптер шет мемлекеттен әкелетіндіктен, шекарада бақылау күшейген. Дегенмен, Еуроодаққа кіретін мемлекеттерден келген жүктің тексерусіз өтетінін пайдаланған әккі кәсіпкерлер ұрымтал тұсты пайдалануы мүмкін дейді кеденшілер. Ал, өзге елдерден кіретін жүк арасында анықталса, шара қолданылады.

Электрондық темекілерді (вейптер) өндіруге, сатуға, таратуға және әкелуге заң жүзінде тыйым салынды. Бұл жастар арасында темекіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында енгізілді. (Заңға 2024 жылғы 19 сәуірде қол қойылды.)

Мемлекеттік наградалар жүйесіндегі өзгерістер

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 2024 жылғы 26 сәуірде қол қойды.

Қазақстанның батыр тұлғаларының есімдерін ұлықтау мақсатында «Айбын» орденінің дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері берілді. 

Онамастика саласында жаңа талаптар

Қалалар, көшелер мен басқа да нысандардың атауын өзгерту енді орталық уәкілетті органның келісімімен ғана жүзеге асырылады. Бұл тарихи атауларды сақтауға және атауларды саяси мақсатта өзгертуді шектеуге бағытталған. (Заңға 2024 жылғы 5 шілдеде қол қойылды.)

Өңірлік рәміздерді реттеу

Енді әкімдіктер аймақтық символиканы мемлекеттік рәміздерді пайдалану жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған және мәслихат бекіткен ережелер негізінде ғана әзірлей алады. (Заңға 2024 жылғы 5 шілдеде қол қойылды.)

Құмар ойындарға қатысты жаңа шектеулер

Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енген 3,5 миллион адамға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер үшін де құмар ойындарға баруға тыйым енгізілді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы жарнамасы, сондай-ақ ұялы телефондарға жіберілетін жарнамалық SMS хабарламаларға тыйым салынды. Лицензиясы жоқ шетелдік онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселер толық бұғатталды. Лудоманияға (құмар ойынға тәуелділікке) шалдыққандарды оңалтуға бағытталған шаралар күшейтілді. (Заңға 2024 жылғы 8 шілдеде қол қойылды.)

Табиғи нысандар мен тарихи ескерткіштерді қорғау

Қоғамдық орындарды ластау, бөгде мүлікті қасақана бүлдіру немесе жою, тарихи және мәдени ескерткіштерге вандализм жасау үшін жазалар күшейтілді. (Заңға 2024 жылғы 8 шілдеде қол қойылды.)

Құрметті атақтар жүйесін кеңейту

Ғылым, өндіріс және басқа да салаларда үздік жетістікке жеткен азаматтарды марапаттау үшін 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Бұлар ғалымдар, инженерлер, сәулетшілер, құрылысшылар, кеншілер, геологтар және ауыл шаруашылығы мамандарына арналған. (Заңға 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылды.)

 Есірткі қылмысына қатысты жазаны саралау

Алғаш рет есірткі сатумен айналысқан ұсақ жеткізушілер үшін жаза жеңілдетілді.  Есірткі өндірісін ұйымдастырғандар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Сонымен қатар синтетикалық есірткілердің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. (Заңға 2025 жылғы 2 қаңтарда қол қойылды.)

Археология саласындағы жаңа реформалар

Археологиялық жұмыстарды жүргізу жүйесін жетілдіру, лицензиялау үдерісін оңтайландыру және заңсыз қазба жұмыстарын жүргізгендерге жауапкершілікті күшейту бойынша заң жобасы әзірленді. Бұл құжат Мәжіліс комитетінде қаралып жатыр. (2025 жылғы 29 қаңтарда жұмысқа қабылданды.)

Бұл заңнамалық өзгерістер қоғамның қауіпсіздігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Қабылданған бастамалар елдегі әлеуметтік және құқықтық реформалардың маңызды кезеңі болып саналады.