10 Ақпан, 2015

Шымкентте күтуші екі сәбиді өлтіре соққыға жыққан

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10-02-15-izbienie-2

АСТАНА. 10 ақпан. Шымкентте бала күтуші екі бүлдіршінді өлімші ету хәліне жеткізе сабаған. Бұл туралы 24KZ арнасы хабарлады. Арна тілшісінің баяндауынша, прокурорлар: «Анасынан аманат етіп алған сәбилерге 33 жастағы келіншек қорлық көрсеткен», - дейді. Қазір екі бүлдіршін де аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Әрекеттің әшкере болуына 4 жасар қыздың ауыр дене жарақатымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілуі себеп болған. Мұны көре салып, дәрігерлер бірден полицияға хабар беріпті. Погондылар мекен жайды анықтай келе, тағы бір 2 жасар сәбидің соққыға жығылып жатқанын байқаған. Тәртіп сақшылары бұл нәрестені де ауруханаға жеткізеді. «Бес жасар баланың жағдайы өте ауыр. Өміріне үлкен қауіп төніп тұр. Себебі, кома 3-дәрежесінде. Беті әлі бері қараған жоқ. Екінші баланың жалпы жағдайы жаман емес. Орташа қалыпта. Бүгінгі таңда ол да жансақтауда қалады. Ертеңдері бөлімшеге ауыстыруымыз мүмкін. Оның өміріне қауіп жоқ», - деді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев. Бүлдіршіндердің екеуі де басынан ауыр соққы алған. Денелерінің сау жері қалмаған. Бет-аузы мен аяқ-қолдары көгеріп, жараланған тұстары да жетерлік. Қазір осындай аяусыз бопсалауға байланысты бала күтушінің үстінен «қасақана ауыр дене жарақаттарын салу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, абақтыға жабылған. «Бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, 106-баппен іс қозғалып, іс шарасы жүріп жатыр. Гүлчехра деген келіншек уақытша ұстау оқшаулағышқа қамалып, қазір бас шарасы, санкциясы шешілуде», - деді Абай аудандық прокурорының орынбасары Ермек Әйтімов. Құзырлылардың айтуынша, күдікті екі бүлдіршінді шулап, тынышын бұзған соң сабаған. Бір айта кетерлігі, бала күтушінің өзінің 3 баласы бар екен. «Негізінен, анасы бүлдіршіндерді өткен айда, яғни қаңтар айында күтушінің қарауына берген. Өзі шалғай жерде жұмыс істейтін, жалғызбасты келіншек 70 мың теңге ақы төлеп, сәбилерін күтушінің үйіне тастап кеткен. Ұл-қызын соңғы мәрте 27 қаңтарда көрген ананың қазір өзі де тергеліп жатыр. Айта кету керек, бұл жыл басынан бері сәбилердің ересектерден қорлық көріп, соққыға жығылған Оңтүстік Қазақстандағы осымен екінші оқиғасы болып отыр», - деп түйіндейді телеарна тілшісі. Құрыш Нұрымбет.