Тағзым • Бүгін, 08:10

Жақсығұл баба баяны

9152 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» өзіне медет тұтқан қазақ халқының тарихында ұрпақтары ұялатын ештеңе болмағанын қай кезде де мақтанышпен айта аламыз. Дала демократиясын өмірге әкеліп, би, хан сайлауларында таңдау еркіндігін таныта білген бабаларымыздың данышпандық деңгейіне қайран қалатын тұстарымыз жеткілікті-ақ. Ол аздай, бүгінгі бүкіл әлем, оның ірілі-ұсақты елдері қолданып жүрген әкімшілік-территориялық құрылымдарын да қазақ әу бастан ойлап тауып, іске асырған.

Жақсығұл баба баяны

Мәселен, ең жақын, ет жақын туыстар бір ауылды құраса, жеті атадан қосылатын туған-туыс топтасқан бірнеше ауыл – ата аймаққа айналады. Он шақты аймақ біріксе – бір ру болады да, бірнеше рудан – арыс құралады. Бірнеше арыс – ұлысқа ұласса, бірнеше ұлыс – жүзді құрайды. Ал жүздің үшеуі – хандық болады.

Қазақ ұлты – дүниежүзіндегі басына бақ қонған санаулы да саналы қаһарман халықтардың бірі. Алла Тағала тарапынан оған кең-байтақ жер де, қойнауындағы байлығы шексіз кен де, күн туғанда ауыл-аймағын, Отанын қорғап қалатын ер де, сол ер есімін ұмытпай ардақтап өтетін ел де берілген.

Қарт Қаратаудың оңтүстік-батыс қойнауын Күнгей деп атайды. Осы күнгей бетінде бүкіл түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан, көне қалалар Сығанақ пен Сунаққорған орын тепкен. Есім хан Түркістанға 1598 жылы хан болады. Ол хан тұғырына көтерілгеннен кейін Түркістанды астана етіп, Сайрам, Шымкент, Ташкент, Бұхара сияқты ірі қалаларды Қазақ хандығына қаратады. Есім хан билік жүргізген тұста батыр бабаларымыздың бірі – Жақсығұл мергеннің ерлігі ел ішінде аңыз болып тарай бастайды. Бұл кісі батыр болғандықтан, елін, жерін сыртқы жаулардан ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, қалың жұрт сүйіспеншілігіне ие болады.

XVII ғасырдың басында қарт Қаратау баурайындағы Аққұм ауылында дүниеге келген атақты мерген, батыр Жақсығұл бабамыз – ұрпақтары ұмытпай, ұрандап есіне түсіретін абзал да ардақты есім иесі. Жоңғарлармен тайсалмай тайталасып, қанды қырғында қасының кеудесін қа­руымен қақ жарған батыр бабамыз – бүгінгі ұрпақтың үлгісіне айналарлық ерлігімен ел есінде қалған тұлғалардың бірі.

Жаугершілік заманда Орбұ­лақ­тағы қанды қырғында Жақ­сығұл мергеннің ерлігі туралы жазушы Х.Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1993 жылы 2 шіл­­деде жарық көрген санында: «1620 жылы Қара Ертістің бо­йында қырғын соғыс болады. Ол алапат соғысқа Шапырашты туын ұстаған Жанай батыр қатыса алмайды. Ол туды жас жолбарыс Қарасайға қолымен тапсырады. Есімнің белгілі батырлары арғын Ағынтай батыр, қоңырат Алатау батыр, Алшын Жиенбет батыр, Дулат Жақсығұл батырлар бар еді.

Қарасай қолға түсіп қалған­да, Жиенбет пен қоңырат Ал­а­тау батырлардың «Жақсығұл, Жақсығұл» деуі тегін емес. ­Сол үнді естіген бойда Жақсы­ғұл қалмақ батыры Дөкірді құла­тады» – деп толғайды.

1991 жылы Алматыда жарық көрген «Төле би» атты қалың кітапта: «Негізінен Есім хан­ның Алатау батырмен қатар аталатын атақты үш батыры бол­ған. Олар: Ұлы жүздің бөге­жілі елінен Жақсығұл мерген Шабайұлы, Кіші жүздің жаппас елінен Жиенбет Бөртуғашұлы, үйсіннен Сүлеймен. Бұл сөзі­мізге белгілі ғалымдарымыз М.Мырзахметов, М.Қалдыбаев және М.Қойгелдінің: «Олар жоңғар шабуылына тойтарыс беруде ерекше көзге түскен батырлар бөгежілі елінен Шабайұлы Жақсығұл мерген, қоңырат елінен Алатау, жаппас елінен Бөртуғашұлы Жиенбет, үйсіннен Сүлеймен еді» деп жазғандары дәлел бола алады» деген мәліметтер келтіріледі.

Жазушы, Мемлекеттік сый­­­лықтың лауреаты Әлі­бек Асқаров болса: «Пре­мьер-министр С.Тере­­щен­­­­­коның қолымен 1993 жыл­ғы­ 7 маусымда «Орбұ­лақ шай­­қасының 350 жылдығы туралы» Үкіметтің қаулысы жарыққа шығып, нақты жұмыстар содан кейін қайнап жөнелген.

Тасқа бекітіп орнатар жа­зудың мәтінін ойластырып, Қазақтың Ескерткіштер қоға­мымен бірлесіп, күмісше жар­қыраған болат темірге жаз­дырған Бексұлтан ағамыз еді. Сондағы ескерткіш тасқа жап­сырылған тот баспайтын болаттағы жазу былайтын: «Бұл жерде 1643 жылы Салқам Жәңгір бастаған қазақтың 600 жауын­гері ор қазу тәсілімен қалмақ­тың 50 мың қолын тоқтатып, ­10 мыңын жойып жіберген. Осы кезде бұларға Самарқан­нан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке жетіп үлгереді. Ұлы жеңіске шапырашты Қарасай, арғын Ағын­тай, төртқара Жиембет, қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, қырғыздар Көтен мен Табай, дулат Жақсығұл, арғын Қомпай, суан Елтінді батыр, тағы басқа ерен ерлер үлес қосты. Батыр бабалардың аруағы алдында бас иеміз!» дейді.

Орбұлақ шайқасы 150 жыл­ға созылған қазақ-жоңғар теке­тіресінің бастамасы ғана еді. Бұл текетіресте батырларымыз елінің амандығын, жерінің тұтас­тығын сақтай білді. Ал дүниені тітіреткен қуаты басым Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетті.

Бүгінде Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауыл округінде ор­наласқан «Жақсығұл мерген» кесенесінде жай тапқан бабамыздың есімін жаңғырту және ерлігін ұрпақтарға үлгі ету мақсатында көптеген спорттық сайыс тұрақты өтіп келеді. Наурыз айының 13-17-сі аралығында 15 мемлекеттің мер­гендері қатысқалы тұрған сондай ірі сайыстардың бірі – Жақсығұл мерген атындағы Азия кубогі өткелі жатыр.

Ер есімі ел есінде сақтала берсін, бабалардың ерлігі ақтала берсін.

 

Әсет Әссанди,

журналист