Маман • Бүгін, 08:30

Инженердің ізгі ісі

23 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл өңірдегі бірнеше жол жөнделеді. «Қара­ғанды – Жезқазған» бағытындағы күре­жол­дың құры­­лы­сы басталады. Салынар жол­­дың са­па­­лы болуы – негізгі талап. Сол себепті Жол актив­тері ұлт­­тық сапа орта­лығының жұ­мысы қарбалас күй кешіп келеді. Әсіресе ком­па­­ния­ның зертхана қызметкерлері таң­ның аты­сы, күннің батысы дамылсыз жүріп қыз­мет атқарады.

Инженердің ізгі ісі

Жол саласының сапасын қадағалауға жауапты бірден-бір мекеме – Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы. Жауапты мекеменің негізгі міндетіне жол салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп ұстау жұмысын қадағалау кіреді. Яғни салынар жолдың қатпарына, төселіп жатқан жол қабатына сараптама жасайды. Әр өңірде филиалы бар мекемедегі инспекторлар жыл сайын 17 мың шақырымнан астам халықаралық, республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға диагностика жүргізеді. Жол-құрылыс материалдарына 220 түрлі жан-жақты зертханалық зерттеу жасалады. Орталықтың осыншама сын тезінен сәтті өтіп, тәмамдалған сапалы жол әлбетте, сапар жүгін жеңілдетеді.

Сол себепті құрылысқа қажетті материал да, тәжірибелі маман да – жолға кепіл. Жол активтері ұлттық сапа орта­лы­ғының Қарағанды облысындағы филиа­лының жол инженері Әсел Хасенова – жылжымалы жол зертханасы арқылы өңір­дегі жол саласына елеулі үлес қосып жүрген маман.

Жылжымалы зертханада жолды тексеруге қажет­тінің бәрі бар: жол датчигі, геометриялық пара­метр­лерді өлшеу жүйесі, тегістікті, көлденең тегістікті өлшеуге арналған жүйе, бейнежазба, GPS, мұнымен қоса ақаулардың сызықтық өлшемдеріне дейін өл­шейтін құрылғы. Мұншама технологияның тілін терең түсін­ген бірегей инженер – ұжымында беделді маман.

Жалпы, жол құрылысы саласында маман тапшы­лы­ғы деген мәселе өте өзекті болып отыр. Жол салып жат­қан мердігер компанияларда зертхана мең­ге­руші­лері мен жол-құрылыс материалдарының ин­же­нерлері жетіспейді. Мұнымен қоса асфальт төсеуші, жол тегістейтін техника, буль­дозер мен автогрейдер операторлары тапшы. Білікті меха­низаторлар, гео­дезия, картограф мамандар, метеоролог­тер мен меха­ник­тердің жоқтығы жұмыс қарқынын тежейді. Сол тұр­ғыда орталықтың қызметкерлері бос жұмыс орны жәр­­­мең­келерін қалт жібермей, қатысады. Кол­ледж, уни­­вер­ситет түлектерімен кездесіп жастарды жұ­мысқа тар­тады. Жол саласына қызығып келгендерді Әсел се­кілді жетекші инженер қуана қарсы алып, білгенімен бө­лі­­сіп, технологияның түрлі тәсілін үйретеді. Сөйтіп, сала­­дағы бі­лікті маман саны жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Жетекші сарапшы Әсел қазіргі қызметіне дейін түрлі салада қызмет атқарды. Алматыдағы Халық ша­руа­­­­­шылығы университетін қаржыгер мамандығы бо­йын­­­ша үздік дипломмен тәмамдады. Содан өзінің өмір­лік жарын жолық­тырып, Қарағандыға қоныс ­аударды. Қалалық тергеу изо­ля­торының есеп бөлімі­­не жұмысқа орналасты. Осында қызмет ете жүріп басқа жұмысқа ауысуды ойластырады. Сол кезде қайын атасы Қаражал қаласындағы жолға жауапты мекемені басқаратын еді. Атасы ақыл салып, нұсқау көр­сеткен соң «Қазавтожол» мекемесіне жұмысқа тұрды. Осы кезден жол құрылысы саласы баурады. Еңбек ете жүріп, жол инженері, заңгер мамандығын оқып алды. Қазір қос дипломы, алған білімі өзіне үлкен көмек. Біліктілікті арттыратын курс­тардан да қалмайды. Өйткені технология ай сайын жаңарып, жаңғырып отырады.

Жол инженері саламатты өмір салтын берік ұстанады. Спорттың түр-түрінен хабары бар. Жыл са­йын орталықтың барлық өңірдегі филиал қызметкерлері арасында түрлі спорттық сайыс ұйым­дастырылады. Соның бәріне белсенді қатысып, өңір­дегі қосынның қоржынын жүлдеге толтырып жүр. Волей­бол, теннис секілді додалар, дойбы секілді тақтадағы тартыста да алдына жан салмайтын қабілеті бар.

Әсел – аяулы жар, келісті келін, асыл ана. Шаңырағына шуақ шашып отырған оның көзінің ағы мен қарасындай болған қос құлыны бар. Отағасы жеке кәсіппен айналысады. Отбасындағылар білікті жол құрылыс инженеріне үлкен қолдау көрсетеді. Жетістіктерімен мақтанады, марқаяды. Білікті инженердің жол саласына сіңіріп жүрген еңбегі ерен.

 

Қарағанды облысы