Несие • Кеше

Несие – әрі көмек, әрі тәуекел

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктер мен микро­қаржы ұйымдарында 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан клиенттер тұтынушылық кредит алуға өз келісімін беретін жүйені енгізуді жоспарлап отыр.

Несие – әрі көмек, әрі тәуекел

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

ҚНРДА атап өткендей, қарыз онлайн рәсімделген жағдайда несие бюросынан немесе «электрондық үкімет» веб-порталынан келісім алуға болады.

Былтыр Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов азаматтардың киберқылмысқа қарсы іс жүзінде әлсіз екенін мәлімдеп, осы орайда онлайн-несие­леуге тыйым салуды ұсынған болатын. Қаржы тал­даушысы Юрий Масановтың айтуынша, онлайн-­несие алуға тыйым салмай, қаржылық сауатты­лықты арттыруға мән беру керек.

«Банктердің өздері күдікті транзакцияларды есептеп, алаяқтардың атына ақша аударуды тоқтатады, алаяқтардың атына ақша аударатын банк карталарын бұғаттайды. Алаяқтардың ықпалы­на түсу қаупін азайту үшін халықтың қаржы­лық сауаттылығымен көбірек жұмыс істеген жөн. Онлайн-несиелендіруді жабу – алаяқтар тарапынан жеңісті мойындау және адамдар шағын несие немесе бөліп-бөліп төлеу үшін банк бөлімшелеріне немесе тұрмыстық техника дүкендеріне баруға мәжбүр болған 2000 жылдарға қайта оралу», дейді.

Сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, елдегі ең ірі банктердің өзі онлайн алаяқтар үшін қолжетімді. Сол себепті, тек жекелеген банктер емес, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы немесе Ұлттық банк базасында ортақ киберқауіпсіздік орталығын ашатын кез келді.

«Банктер жеке-дара бұл мәселе алдында қорған­сыз екенін көріп жүрміз. Технология дамыған сайын оның әлсіз тұсын ұрымтал жерден соғатын кибершабуыл технологиясының мүмкіндігі де әр­тараптандырылып барады. ҚНРДА-ның бірінші кезекте кәмелет жасына жетпегендер мен зейнет жасындағы азаматтарға несие алудың дәстүрлі түрін ұсынуы көңілге қонымды. Меніңше, осы топқа қатысты шешім 2000 жылдарға кері оралуды білдірмейді. Тыйым салудың орнына ол цифр­ландыру үдерісін бұзбай, азаматтарды қорғай алатын реттеу шараларын енгізуді ұсынады. Алаяқтардың әрекеттері үшін банктердің ортақ жауапкершілігін заңмен нақтыласақ, банктердің ұрланған қаражат үшін жауапкершілігі де заң­дас­тырылады. Банктердің жауапкершілігі заңдас­тырылса, банк қауіпсіздік жағына көбірек көңіл бөлер еді», дейді Мақсат Халық.

Айта кету керек, Бірінші кредиттік бюро жақын­да жаңа қызмет – қоңырау шалу арқылы несие беруге тыйым салатын тетіктің пайда болғанын хабарлады.