Пікір • 15 Наурыз, 2025

Отанымызды өркендетудің озық үлгісі

56 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қастерлі Бурабай бау­райында Ұлттық құрылтайдың төр­тін­ші отырысы өтті. Алқалы жиын­­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің алдағы бағдарын айқын­­дап берді. Онда кейінгі кезде қо­ғам­да қызу талқыланған өзекті мәсе­лелерден бастап еліміздің әлеу­меттік-экономикалық және саяси бағда­рына қатысты басымдықтар түгел қамтылды.

Отанымызды өркендетудің озық үлгісі

Жалпы, Мемлекет басшысы Ұлт­­тық құрылтай туралы бастама­ны осыдан бірнеше жыл бұрын өз Жол­дауында көтеріп, оны елді жаң­ғыр­тудың тиімді тетіктерінің бірі ре­тінде ұсынған еді. Содан бері мемлекетімізде түбегейлі өзгерістер қолға алынып, кешенді саяси реформа­лар іске асырылды. Мемлекет басшысы осы ауқымды жұмысқа Ұлттық құрылтай мүшелері зор үлес қосқа­нын атап өтіп, бұл бастама арқылы қоғамдық диалогтің жаңа үлгісі қалыптасқанын айтты.

Президент көптің назарына ілінген салық реформасына қатысты пікірін білдірді. Бұл ретте Қазақстан әлеуметтік мемлекет екені, егер бюджетте қаржы болмаса, тиісті міндеттемелер толық орындалмайтыны, ал салық осы жүйенің басты тірегі саналатыны айтылды. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет ұсынған жаңа тәсілдерді халыққа егжей-тег­жейлі түсіндіру ісіне баса мән берді.

Сондай-ақ Президент салық­тан жалтару үшін бизнесін бөлшектей­тіндерге және заңнамада соған жол беретін олқылықтарға назар аударып, тиісті заңдарға жедел түрде қажетті түзетулер енгізуді тапсырды. Осы ретте қолға алынып жатқан шаралардың мәні мен маңызын азаматтарға жеткізуге және қажетті заңнамалық жұмыстарға Сенат депутаттары белсенді қатысатынын атап өткім келеді.

Бурабайдағы жиында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елді басқаруды және логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыру үшін қолайлы тәсіл екені айтылды.

Құрылтай отырысында еліміздегі діни ахуал мен жат ағымдарға тос­қауыл қою мәселесіне ерекше мән берілді. Президент атап өткендей, діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Сондықтан діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар аталған талапқа сай болуға тиіс. Осы мәселені жан-жақты қарап, заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру ерекше мәнге ие.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қылмыстық-атқару жүйесінде адамгершілік құндылықтарға басым­дық бере отырып, «Заң мен тәр­тіп» қағидатын сақтау арқылы кә­ме­лет­ке тол­маған баласы бар әйел­дерге қатысты кейбір заңдық ұста­ным­дарды қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Жиілеп кеткен алаяқтық әрекет­терге тосқауыл қою, жалған психологтер мен «коучтардың» іс-әрекетін жа­уапты органдар назарға алу мәселелері де сөз болды.

Ұлттық құрылтайда Президент идеологиялық бағыттағы басымдық­тарды да айқындап берді. Бұл орайда кино өндірісіне жіті мән беріп, дайын фильмдерді экранға шығармас бұрын ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият зерделеудің берері мол екені анық.

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көптеген іргелі бастама қолға алынып жатыр. Осы бағытта кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы мәселені баса айтты.

Сондай-ақ Президент белгілеп берген негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру. Соның аясын­да түрлі салаға қатысты бағдар­ла­малар мен кешенді жоспарларды қайта жаңғырту аса маңызды.

Білім беру ісін дұрыс тәрбиеге негіздеу арқылы озық ойлы ұрпақ, адал азамат қалыптастыру аса маңыз­ды екені нақты айтылды.

Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңды жетілдіру, ішкі саясаттағы жұмыстарды жүйелейтін біртұтас құжат әзірлеу, мәдениет саласын да­мыту, Абай институттарын толық­қанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру бағыттары бойынша да белсенді жұмыс жүргізіледі.

Құрылтайдың отырысында ай­мақ­тардағы экономиканың өр­кен­деуі­не серпін беретін жаңа мүм­кін­діктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – бү­­гінде мемлекет алдында тұрған не­гіз­гі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 трлн теңге­ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 трлн теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Соның аясында бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары қолға алынады.

Президент елімізде іске асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға жеке тоқталып, мұның бәрі еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыра түсетін маңызды қадамдар екенін айтты.

Сондай-ақ шекара маңын­дағы аудандарды дамыту туралы заң қабылдау, аймақтардың да­муын­­дағы алшақтықты жою үшін әзір­л­е­ніп жатқан Өңірлерді дамыту тұ­жырымдамасын жан-жақты пы­сық­тау, ғылым қалашығын құру жөнінде заң жобасын әзірлеу және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған арнайы заң даярлау мәселелері қозғалды.

Экологияны қорғау және жан-жануарлар дүниесін сақтау туралы да нақты ұсыныстар айтылды. Со­­ның ішінде Биологиялық әра­луан­­дық­ты қорғау қорын құру бас­та­масы ірге­лі жоба екені анық. Шын мә­нінде, оған Президенттің бас­шы­лық жа­сауы аталған ауқымды жұмыс­тың қан­шалықты маңызды екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы құрыл­тай отырысында еліміздің төрт саладағы орасан зор мүмкіндігі туралы да айтты. Олар: цифрланды­ру ісі мен жасанды интеллект, кө­лік тасымалы, энергетика, агроөнер­кәсіп кешені және адам капиталы. Мұның бәрі – еліміздің жаңа әлемдегі орнықты дамуына ықпал ететін негізгі факторлар. Осы ретте Мемлекет басшысының Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешімі еліміздің ядролық кластер ретінде қалыптасуына жол ашатынын атап өткен жөн.

Жалпы, жыл сайын құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді. Биыл көтерілген ауқымды мәселелер мен белгіленген маңызды міндеттер соған дәлел. Бұл басым бағыттар Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақ­стан құру идеясын іске асыру үшін қолға алынған кешенді баста­малар екені анық. Біздің алдымыз­да тұрған ендігі міндет – осы іргелі істерді жүйелі түрде жүзеге асырып, Отанымызды одан әрі өркендету. Барлық қазақстандық аталған маңыз­ды міндеттерді орындау жолында белсенділік танытып, ел дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Парламент Сенатының төрағасы