Пікір • 15 Наурыз, 2025

Ұлт мұратын арқау еткен жиын

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні қар­саңын­дағы дәстүрлі жиын – Ұлттық құрыл­тайдың IV отырысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қа­ты­­суымен Бура­бай­дың бау­­райында ұйым­дасты­рылды.

Ұлт мұратын арқау еткен жиын

Осыдан үш жыл бұрын Мем­лекет басшысы халыққа тарихи Жолдауын жариялап, елімізде түбегейлі жаңғыру, ауқымды ре­формалар басталған еді. Бұл елдің еңсесін, халықтың рухын көтерген ерекше Жолдау болғаны есіміз­де. Бурабайдағы сөзін Президент осы кезеңде атқарылған іргелі істерді қорытындылаудан бастады. Мемлекет басшысы елдің болашағына қатысты сүбелі ойын ортаға салып, мемлекетіміз үшін ең өзекті мәселелерге қатысты көзқарасын білдірді.

Қазір қоғамда қызу талқы­ланып жатқан ең маңызды мәсе­ленің бірі – салық реформасы. Бұл тақырыптың төңірегінде әртүр­лі пікір айты­лып жүр. Әсіресе қосымша құн са­лығына қатысты сан алуан көз­қарас бар екені белгілі. Үкімет салық реформасына қатысты біраз ұсыныс берді. Қазір Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы қаралып жатыр. Соның аясында 200-ге жуық адамнан құралған жұмыс тобы үлкен шаруа атқарып жатыр. Оның құрамында кәсіпкерлер, сарапшылар мен қаржыгерлер, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен ең білікті депутаттарымыз бар. Басты міндет – қолға алынып жат­қан бастамалардың мән-маңы­зын халыққа дұрыс жеткізу, тү­сін­діру. Президент кұрылтайда мұны дөп басып айтты. Салық кодек­сін қарау кезінде осыған ерек­ше мән беріледі. Біз бизнестің бөлшектелуіне, салықтан жал­таруы­на жол бермеуге тиіспіз. Ол үшін әділ, ашық әрі тиімді салық жүйесін қалыптастырамыз. Мем­лекет басшысының берілген тапсырмаларына сәйкес, Үкіметпен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты барынша күшейтеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне де жеке тоқталды. Үкімет пен Парламент бұл түйткілмен былтырдан бері ай­на­лысып келеді. Мәселенің мән-жайын жетік зерделеу үшін арнайы мониторинг жүргізілді. Үш ай бойы Үкімет аймақтардағы ахуалды, уақыт белдеуінің әсерін мұқият зерттеді. Оның қорытындысын осы аптада Мәжілістегі «Amanat» фракциясының отырысында таныс­тырды. Мамандар бұл жайт­қа өте жауап­кершілікпен қара­ды деп айта аламыз. Олар бірың­ғай уақыт белдеуінің пайдасы мен тиімді тұстары туралы дәйек­ті тұжырымдар келтірді. Әр өңірде­гі жағдай жеке-жеке сараланды. Бар­лық фактор ескерілді. Мемле­кет басшысы бірыңғай уақыт бел­деуін енгізудің маңызын айтып, маман­дардың уәжін қолдады. Осылайша, бұл мәселенің нүктесі қойылып отыр.

Жалпы, Ұлттық құрылтайда қоғам­дағы ең өзекті мәселелер көте­рілді. Әдепке, діни ахуалға, интернет алаяқтыққа, жалған психологтер мен коучтарға қатысты да түрлі пікірлер айтылды. Президент осы салалардағы заңнаманы жетілдіру мәселесіне мән берді.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы ұлттық идеологияның пәрмен­ді құралы саналатын отан­дық кинематографияның келеше­гіне арнайы тоқталды. Қазір ки­ноның сапасы мен мазмұнына қатысты сыни пікір аз емес. Әрине, олардың денін жеке компаниялар түсіріп жатыр. Былтырдың өзінде 94 карти­на жарыққа шыққан екен. Пре­зидент олардың сапасына жауап­кершілікпен қарауға шақыр­ды. Жаппай көрсетілім­ге шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізіп, әр туындының мазмұны мен тәрбиелік мәнін таразылауды тап­сырды. Оған қоса, отандық анимацияны да­мытуға да ерекше мән бер­ді. Өс­ке­лең ұрпақты ұлт­тық нақыш­та тәрбиелеу үшін біз осы­ған ден қоюға тиіспіз.

Тағы бір маңызды мәселе – әйелдер колониясындағы ахуал. Бас бостандығынан айырылған жандардың тағдыры назардан тыс қалмауы керек. Біз әрдайым адам­гершілік құндылықтарды, заң мен тәртіп қағидаттарын басшылыққа алуымыз қажет. Әсіресе осындай жағдайға тап болған кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер заң­мен қорғалуға тиіс. Мем­лекет басшысы осыны алға тартып, мәселені байыпты зерттеуді тапсырды. Бұл бағытта құқық қорғау органдары мен депутаттар бірлесіп жұмыс істейміз.

Құрылтайда әлеуметтік, мәде­ни-гуманитарлық мәселелермен бірге ел экономикасына қатысты да кесек-кесек ойлар ортаға салынды. Қазір әлемдік ахуал күрделі. Жаһандық экономиканың өзі біраз қиындықты бастан кешіп отыр. Оның салқыны бізге де сезіліп жатыр. Осы жағдайда отандық экономиканы дамыту, өңірлерді өркендету – негізгі міндеттің бірі. Президент биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемі екі есеге жуық артып, 8 трлн теңгеге дейін жететінін айтты.

Мемлекет басшысы әрдайым аймақтарды дамытуға ерекше мән беріп келеді. Қуатты өңірлер – қуатты елге айналудың кепілі. Әсіресе шекара маңындағы аудан­дар мен ауылдардың қаңы­рап бос қалмауы маңызды. Керісін­ше, өсіп-өркендеуі қажет. Мұны мем­­­лекеттік саясаттың басым бір ба­­ғыты дер едім. Бұл орайда «Amanat» пар­­тиясы шекара маңын­­дағы аудан­дарды дамытуға қатыс­ты жаңа заң қабылдауды ұсын­ған бола­тын. Президент осы бастаманы қолдап, мәселені Үкімет пен депутаттарға бірлесіп, мұқият қа­растыруды тапсырды.

Сонымен қатар елімізде эко­номиканың жаңа салаларын дамы­туға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен әсіресе, IT саласы, жасанды интеллект, цифрландыру бағытында кешенді жұмыс қолға алынуда. Бұл – болашақтың технологиясы, келешектің экономикасы. Сондықтан қайткенде де заман көшінен қалмауымыз керек.

Президент айтқандай, мем­­ле­кеттің кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Ол – цифр­ландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы. Қазір Мәжілісте жасанды интеллект туралы заң жобасы қаралып жатыр. Алдағы уақытта жаңа Цифрлық кодекс келіп түседі. Осы заң жобаларымен жұмыс барысында біз Президенттің алға қойған барлық тапсырмасын басшылыққа аламыз.

Экономиканың қарыштап алға басуы ғылымға тікелей байланыс­ты. Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүр. Тіпті Ұлттық ғылым ака­демиясының мемлекеттік мәрте­бесін қайтарды. Былтыр біз Ғылым мен технологиялық саясат туралы заң қабылдадық. Көп шаруа атқарылып жатыр. Бірақ әлі де жұмысты ширатамыз. Ол туралы Президент тағы да айтты.

Келесі мәселе – ерекше қажет­тілігі бар балаларды қолдау. Өкі­ніш­ке қарай, елімізде мұндай ба­ла­лардың саны азаятын емес. Мем­лекет басшысы әрбір облыс орта­лығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құруды тапсырды. Ал Парламент өз тарапынан жыл­дың соңына дейін осындай ба­лаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлейді.

Бұған қоса, құрылтайда ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйе­сін жетілдіру, жасампаздық құн­дылықтарын дәріптеу, әлеумет­тік кеселдерді жою, азаматтық қо­ғамды дамыту мәселелері көтерілді.

Жалпы, биылғы құрылтай маз­­мұнды өтті. Барлық мәселе жан-жақ­ты қамтылды. Ең бастысы – ел­дің бірлігі, мемлекеттің тұрақ­ты­лығы, экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы. Осы мәселелерге Мемлекет басшысы нақты жауап берді.

Былтырғы Атырауда өткен құ­рыл­­тайдың қорытындысы бойын­­ша Парламент 9 заң қабыл­даған еді. Олардың қай-қайсысы да – өзек­­ті, елге қажетті, маңызды заң­дар. Бұл қар­қынды біз биыл да жалғас­тырамыз.

Ойымды Мемлекет басшысы­ның мына бір сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идея­сынан бастау алады». Ен­деше, осы жолда бәріміз Президенті­міз­дің жанынан табылып, ұлт мүдде­сіне аянбай қызмет ете берейік!

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Парламент Мәжілісінің төрағасы