Тарихи құжаттардың ішінде айрықша маңызы бар Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауымен тікелей сабақтасып жатыр. Президент жаңа Жолдауында жаһандану дәуірінде алда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялады. Себебі, ел дамуындағы басым бағыттарды айқындап, сыртқы ахуал күрделі кезеңде жедел шешілуі тиіс міндеттерді күнілгері белгілеу қажет болды. Бұрынғысынан ертерек жолданған Жолдау сонысымен де айрықша маңызды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялады. Осы орайда, Елбасының өзі қадап тұрып жазған мына жолдарды да келтіре кетсек, артықтық етпес: «Біздің республикамыз бен халқымыз қиын да қайғылы жолдан өтті. Сталинизм жылдарында Қазақстанда концентрациялық лагерьлер орналасып, оған кейбір халықтар тұтасымен жер аударылды, атом сынақтары жасалды. Космодром мен сынақ алаңдарының да көбі осында. Сырттан 2 миллион адам күштеп көшірілгендіктен, көпұлтты елге айналдық. Тағы да 2 миллиондай адам тың көтеруге жіберілді. Бұл, әрине, демографиялық естен тандыру еді.
Ұлт ретінде жұтылып кетудің қасіретті қаупі қара бұлттай торлаған ауыр саяси-экономикалық жағдайда еліміз егемендікке қадам басқан болатын. Осылайша, әлем картасында дербес елге айналдық, кең-байтақ жеріміздің қазба байлығы, әлеуеті еншімізге берілді. Қазақ елінің алдында ұлы тарихи міндеттер бой көтерді. Міне, осындай ауыр сын кезеңде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ел тұтқасын қолына алды. Сол тұста Елбасы ағынан жарыла былай деген еді: «Тағы да қайталап айтамын, бұл – ең әуелі бүкіл қазақ халқының алдында тұрған күрделі тарихи кезең. Бәріміз айтып жүрміз: ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе – соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау. Бұл мақсат жүзеге аспайынша, азаттығымыз баянсыз».
Бірінші кезекте тәуелсіздік жағдайында мемлекет ретінде қалыптасуға бағыт алу міндеті алға қойылды. Биліктің мемлекеттік институттарын құруға, түрлі деңгейдегі дүниежүзілік ұйымдарға кіруге алғашқы қадамдар жасау ауадай қажет еді. Осы орайда, 1992 жылдың басында дүниеге келген «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» тұңғыш жоспарлау тәжірибесі болды. Президент Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жасалған Стратегия қазақстандық ұлттың өзін өзі танып білу жөніндегі мәселенің идеологиялық іргетасын қалаған республиканың тұңғыш ресми құжаттарының біріне айналды. Елбасы «Қазақстан жолы» атты кітабында алғашқы жылдардағы күрделі кезеңді сарабдалдықпен ой елегінен өткізе отырып, былай дейді: «Стратегия, өткенге қысқаша шолу жасай келіп, Қазақстанның қазіргі замандағы шекарасы алғашында тайпалардың этностық мекен еткен атақонысы, кейінірек қазақ ұлтын құраған және қазіргі Қазақстанның барлық жеріне бақылау жүргізген халықтың тарихи жері болғанын айтып түсіндірді. Біз тәуелсіз мемлекет өзінің қазіргі көрінісімен сақталып келгенін – ол әлдебіреудің қазақтарға берген сыйы емес, біздің тарихи Отанымыз, қазақтың ежелден бергі жері екенін ресми түрде мәлімдедік».
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ғасырға пара-пар маңызды істер атқарылды. Республиканың тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Қазақстан өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар тәуелсіз дербес елге айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына, ЕҚЫҰ мен басқа да бірқатар беделді ұйымдарға мүше болды, шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды, шетелдік іскер адамдардың егемен елімізге деген ынтасы арта түсті. Осылардың бәрі тұтас ұлт болашағының алтын діңгектеріне айналды. Ұлттық сананың өрлеуі ұлттық жаңғырудың тұтас жүйесін қозғалысқа келтірді. Осынау ұлы істердің басы-қасында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жүрді, теңдессіз маңызға ие болған сан қырлы игілікті шаралардың ұйытқысы болды.
Бабалар рухынан от алып, арқаланған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың керегесін кеңге жайған тәуелсіз мемлекет құру идеясын жанына жалау ететіні, туған халқына берген антына адалдығы осы кезге дейін атқарып келе жатқан жасампаздыққа толы айшықты істерінен айқын аңғарылады. Елбасының өз қолынан шыққан төл туындылары – «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы» атты еңбектеріндегі жүрекжарды ой-пікірлері, нақты тарихи тұжырым-толғаныстары кім-кімді болмасын терең ойларға жетелеп, көкірек көзін ашады. Бұл еңбектердің қай-қайсысын тебіренбей, толғанбай оқу мүмкін емес. «Мені сынайтындар да табылар, – деп жазады Елбасы. – Келісе қоймайтындар да бар шығар. Бірақ халқымыздың көпшілігі қолдап отырған қазақстандық жол – біреудің таптаурын ізімен кету емес, өз соқпағымызды тауып, сонымен жүруге талпыну. Қай мәселеде де қатал ұстануға тырысатын қағидамыз: бассыздыққа ұрындырып, қантөгіске апаратын демократияны біз тегін берсе де алмаймыз. Біздің демократиямыздың негізі – саяси, әлеуметтік және ұлтаралық тыныштық».
Көпұлтты Қазақ елінің тәуелсіздік тұғырындағы ұлан-ғайыр табыстары, еңсесін көтеріп, әлемдік өркениет көшінде өзін өзі әлемге таныта білуі, ең алдымен, сан алуан ұлттардың ынтымақ-бірлігінде, тізе қоса қимылдауында десек, артық айта қоймаспыз. Республика халқының ұлтаралық, дінаралық, қоғамдық келісім-ынтымағы қалыпты өмір салтына, барлық жетістіктердің қайнар көзіне айналғаны нақты өмір шындығы. Қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттер – кеңпейілділік, дархандық, толеранттылық өзге ұлттармен сыйластық, құрмет сезімінің негізіне айналған. Ынтымағы жарасқан елдегі жасампаздық салтанатының бүгінгі айшықты бейнесі әлем алдындағы беделді биікке көтеріп, алға бастауда. Кім не десе, о десін, Қазақстан халқы Ассамблеясының тәуелсіз еліміздегі алар маңызы ерекше сипатқа ие болып отырғандығы да сондықтан.
Өз басым он сегіз жылдан бері қасиетті Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қызмет етіп келемін. Білім ордасының бой көтеруінен бастап қазірге дейінгі аралықтағы өсіп-өркендеу тарихы көз алдымызда жасалуда. Біз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың күллі түркі халықтарының рухани астанасы болып келген киелі Түркістан қаласын қайта жандандыру жөніндегі идеяны өзі көтеріп, оны нақты қамқорлығымен жүзеге асырып отырғанын жақсы білеміз. Елбасының Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан мемлекеттік университетінің шаңырақ көтеріп, оған ұлы ойшыл-ақын, алғашқы түрік-ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға болды. Президенттің өзі көтерген идеяның Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне негіз болғанын мақтанышпен айтамыз. Кеңестік дәуірде артта қалған ауданның орталығы ғана болып келген шаң басқан шағын шаһар қазір мәдени орындары көз тартатын жасыл желекті, келбеті көрікті қалаға айналып келеді. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде кезінде Президенттің өзі үкілі үмітпен ашқан Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отырғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Білім ордасы еліміз Тәуелсіздігінің символына, күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді.
Тәуелсіз Қазақ елі бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отырған қазіргі кезеңде жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басып барады. Елдің еңсесі көтеріліп, тұрмыс-жағдайы жақсара түсуде. Ауыл-селолар танымастай өзгеріп, ғажайып құрылыстар бой көтеруде. Елордамыз – айшықты Астана әлемдік ЭКСПО-2017 көрмесін сән-салтанатымен өткізуге қызу дайындық үстінде. Еліміздің әлем алдында абырой-беделін асқақтата түсетін ұлы істе Елбасымыздың тұлғасы айрықша дараланады.
Соңғы жылдары 1 желтоқсан – Президент күні ретінде аталып жүр. Халқымыз бұл күнді айтулы мерекеге балап, ерекше қадір тұтуда. Елін сүйген, елі сүйген Елбасына, ел бірлігін ту етіп келе жатқан Мемлекет басшысына көрсетіліп отырған құрмет-кошемет дегеніңіз осы болар!
Әлемдік абырой-беделі асқақтай түскен Президентіміздің Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауында тебіреніспен айтқан төмендегі жолдары әркімнің-ақ жүрегінен орын алғаны ақиқат: «Қадірлі халқым! Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылы Нұрлы Жолға айналдардық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!».
Сейдулла САДЫҚОВ,
филология ғылымдарының
докторы, Кожа Ахмет Ясауи
атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті.