Пікір • Бүгін, 09:15

Жасанды интеллект және ұлттық бірегейлік

64 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құ­­рыл­ған Ұлттық құрылтай бүгінде ұлтты ұйыстырып, қо­ғам­ бір­­лігін дамытатын маңызды алаңға айналды. Бұған дейін Ұлы­­­тау­да, Түркістанда, Атырауда ұйымдастырылған Ұлт­тық құ­рыл­­тай биыл Көкшетау жерінде, Бурабай төрінде табысты өтті.

Жасанды интеллект және ұлттық бірегейлік

Дәстүрлі жиынға төрағалық жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен жаппай цифр­лан­дыру мен жасанды интел­лектіні бар­лық салаға кеңінен енгізу мәсе­лесіне үнемі назар ауда­рамын. Қазір қай елдің жаңа технологиялар­ды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анық­та­лып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық», деп атап өтті. Сон­дай-ақ Мемлекет басшысы цифр­лан­дыру және жасанды интел­лект мәселелерімен жеке өзі айналы­сып жатқанын айтып, бұл мәсе­ле ті­келей бақылауында екенін жеткізді.

Келелі кеңес аясында Ұлттық құрылтай мүшесі және еліміздің ғылыми қауымдастығының өкілі ретінде «Білім және ғылым» секция­сының жұмысына қатыс­тым. Онда сарапшылар білім мен ғылым саласындағы реформаларды жетілдіру, ЖОО-лардағы кадр тапшылығын жою, өңірлік ғылым орталықтарын дамыту, ғылым мен өндірістің байланысын арттыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін талқылады. Осы орайда қазақ тілін заманауи ғылым тіліне айналдырып, ЖИ технологияларын жетілдіруде ұлттық бірегейлікті сақтау, ақпараттық жүйелерде мемлекеттік тілдің үлесін көбейту туралы ұсыныс-пікірімді ортаға салсам деймін.

Қазіргі цифрландыру дәуірін­де еліміз ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтауда, әсіресе ақпараттық технологиялар­дың қарқынды дамуы кезінде күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Өйткені ағыл­шын тілді және батыстық маз­мұнға бағытталған жаһандық цифрлық платформалар ұлттық мәдениеттің маргиналдануына әсер етеді.

Сарапшылардың пікірінше, қазақ тіліндегі ресурстар бүкіл интернеттің 0,1 пайызынан азын алып жатыр. Қазақтілді интернет кеңістігінің 10 жылдағы деректері бойынша сайттардың тек 5,6 пайызында қазақ тіліндегі контент болса, 12 пайызы ақпаратты ағылшын тілінде жариялайтынын көрсетеді. Өзге тілдегі ақпараттардың интернетке ену деңгейі 90 пайыздан асатындықтан, бұл теңгерімсіздік миллиондаған пайдаланушылар үшін ана тілінде ақпараттың қолжетімділігін айтарлықтай шектейді. Қазіргі заманғы жасанды интеллект технологиялары, соның ішінде GPT, LLAMA, Deepseek және Gemini қазақ тілін толық өңдеуге бейімделмеген. Бұл олардың ғылымда, бизнесте және білім беруде тиімді қолданылуына кедергі келтіреді. Осы жағдай цифрлық теңсіздікті күшейтіп, жастардың ұлттық дәстүр мен құндылықтарға қызығушылығын төменде­теді. Аталған үрдіс мәдени мұрамыздың құнсыздануына және ұлттық бірегейліктің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан алдымен бірқатар маңызды мәселені шешу қажет.

Бірінші. Қазақ тілі мен дәс­түрлі мәдени құндылықтардың цифрлық кеңістікте мардымсыз деңгейде ұсынылуы. ҚазҰУ ғалымдарының зерттеу нәти­желері бойынша, интер­неттегі қазақ тіліндегі контент аз және қазақ тілін өңдеу мен талдау үшін заманауи ақпараттық технологиялар жеткіліксіз. Осының салдарынан ағылшын тілді және батыстық мазмұндағы жаһандық цифрлық платформалардың үстемдігі белең алып тұр. Сонымен қатар шетелдік контенттің агрес­сивті кеңеюіне байланысты жас­тар­дың мәдени дәстүрлерге қызы­ғу­шылығы төмендеп барады. Бұл жағдай цифрлық мәдениет саласында мемлекеттік қолдауды және стратегиялық реттеуді қажет етеді. Осы мақсатта цифрлық кеңістікте қазақ тілі мен ұлттық мәдени мұраны ілгерілету бойынша жаңа бастамалар енгізілуі керек.

ап

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «ЕQ»

Екінші. Қазақ тілін өңдеу және талдау үшін ЖИ техно­ло­гия­ларының аздығы білім, ғылым және бизнестің тиімділігін төмен­детеді. Жасанды интеллект ауыл шаруашылығы мен медицинадан бастап, менеджмент пен білім, ғылым салаларына енгізіліп жатыр. Қазірдің өзінде Төртінші өнеркәсіптік революция және оның жаһандық еңбек нарығына әсері туралы көп айтылып жүр. IBM мәліметтері бо­йынша алдағы үш жылда әлемде жұмысшылардың 40 пайызы ЖИ салдарынан мамандықта­рын ауыстыруға мәжбүр болады. Басты артықшылық технологиямен толығымен алмастырылған адамдар емес, смарт жүйелермен үйлесімді жұмыс істей алатын білікті мамандарға беріледі.

Жасанды интеллект бізге күн­делікті тапсырмалардан ары­луға мүмкіндік береді. Бірақ оқу бағдарламаларын байыпты қайта қарауды және жаңа дағдыларды дамытуды талап етеді. Елімізде қазірдің өзінде ЖИ науқас түр­ле­рін диагностикалау, мұнай өндіруді басқару және қоршаған ортаның ластануын болжау үшін қолданыла­ды. Бірқатар университетте: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, т.б. жоғары оқу орында­рында ЖИ бойынша білім беру бағ­дарламалары құрылды. Алай­да республикада интеллект техно­ло­гия­ларының қарқынды дамымауы қазақ тілінің жеткіліксіз бейім­делуіне байланысты болып отыр.

Үшінші. Сандық платфор­ма­лардың батыстық мазмұнға бет бұруы ұлттық мәдениет пен ана тіліміздің аясын тарылтады. ЮНЕСКО деректері бойынша, бүгінде интернет мазмұнының 50 пайыздан астамы – ағылшын тілінде. Нәтижесінде, дамушы елдердің жергілікті тілдері мен мәдени материалдары ақпараттық кеңіс­тіктің 2-5 пайызынан аспай­­ды. Қазақстанда онлайн-платфор­­малар мен әлеуметтік желі­лер­дің айтарлықтай бөлігі ұлт­тық контентті насихаттауға арнал­маған. Бұл бірте-бірте жастардың қазақ мәдениетіне, салт-дәстүріне, тіліне деген қызығушылықтың жоғалуына әкеп соғады.

Бірқатар әлеуметтік зерт­теудің нәтижесі бойынша, еліміздің рухани кеңістігінде музыка, кино, әдебиет, өнер салаларында ба­тыстық үлгілер басым. Жергілікті контентті дамытуға кедергі кел­тіретін ірі онлайн платформалар мен іздеу жүйелерін­де қа­зақ тілінің болмауы, жа­сан­ды интеллект пен ұсыныс алго­ритм­дерінің ұлттық мәдени ерек­шеліктерге бейімделуінің шек­те­луі жергілікті авторлар мен жо­ба­лар­дың танылуына кері әсер етеді.

Мәдениет және БАҚ сала­сын­дағы сарапшылар халықтың 60 па­йызға жуығы интернеттегі ағыл­шын тілінің үстемдігі ұрпақтар ара­сын­дағы мәдени алшақтықты ұлғайтып, ұлттық бірегейліктің сақталуына қауіп төндіреді деп есептейді.

Төртінші. Ақпараттық техно­ло­гия­лардың қарқынды дамуы жағ­дайын­да ұлттық біре­гей­лікті сақ­тауда күрделі мін­дет­тер бар. Цифр­лық сер­вис­тер­дің, мобильді қо­сым­ша­лар­дың және жаһан­дық плат­­фор­­малардың қоғам­ның күн­де­лікті өміріне жылдам енуі ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтіп қана қоймай, мінез-құлық пен құнды­лықтар жүйесінің жаңа үлгі­лерін қалыптастырды. Сарап­шылардың пікірінше, ұлттық бірегейлікке IT-алыптардың стандартты ұсыныстар жүйесі көбінесе шектеулі қазақ тілді сегментті ығыстырып тастайды.

Сонымен қатар ЖИ деректер базасында қазақ тілін­дегі толыққанды, сапалы маз­мұнның болмауы салдарынан ұлттық дәс­түрлер мен құндылықтар жастар арасында кеңінен насихат­тал­майды. Ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғау тетіктерінің жоқтығы, жаһандық корпорация­лардан Қазақстанның мәдени ерек­ше­ліктерін ескеруді талап ете­тін нақты нормативтік құжат­тар мен стратегиялар­дың болмауы жаппай батыстық мазмұнның жүйе­сіз таралуына алып келеді. Сал­­дары­нан қазақ­стандық жастар­­дың 70 пайызға жуығы ағыл­шын тіліндегі ресурс­тарды «әмбебап» және маңыз­дырақ деп санайды.

Осы қиындықтарға қарсы тұру үшін үкімет пен қоғамдық институттар реттеуші стандарттарды енгізуге ұмтылып жатыр. Қазақстандық ЖИ технологияларын дамыту, жергілікті мамандарды даярлау, қазақ тілінде ұлттық деректер жинағын құру жаһандық ақпараттан­дыру дәуірінде «цифр­­лық тәуелсіздікті» қамта­масыз етуге бағытталған.

Қазір сапалы қазақтілді ресурс­тар аз, ұлттық мәдени дәстүр­лерді цифрлық қолдау әлсіз, сон­дықтан жастар шетелдік плат­фор­маларды тұтынады. Осы сын-қатерлерге қарсы тұру үшін орта­лық­тандырылған мемлекеттік шаралар қажет: ЖИ-дің жергілікті шешімде­рін әзірлеу, ұлттық деректер жинақтарын құру, қазақ тілді контентті қолдау, жаһандық цифрлық кеңістікте қазақ тілін аударуды автоматтандыру үшін машиналық аударма және сөзді тану жүйелерін әзірлеу, қазақ тілін дауыстық көмекшілерге, чат-боттарға және білім беру платформаларына біріктіру, оның қолжетімділігін арттыру және күнделікті қолдануда танымал ету.

Цифрлық ортада мәдени қатысу­ды нығайтуға көмектесетін жер­гілікті мазмұн мен ұлттық құнды­лықтарды насихаттайтын маман­дандырылған ұсыныстар алгоритм­дерін құру керек. Бұл орайда мәдени мұраны цифрлық мұрағаттау, тарихи құжаттар­дың, қолжазбалардың, өнер туынды­ларының және ауыз әдебиетінің AТ арқылы жасалған сандық мұрағатын ұйымдастыру қажет. Кең ауди­тория үшін мәдени құн­ды­лық­тарға қол­жетімділікті қам­тама­сыз ететін виртуалды мұра­­­жайлар мен тарихи ескерт­кіш­терді 3D реконс­трукциялау, қазақ тілін, тарихын және этнографиясын оқуға арналған интерактивті білім беру қосымшаларын әзірлеу керек. Сондықтан жергілікті мәде­ни контексті ескере отырып, әлеу­­меттік желілерде және цифр­лық медиада алға жылжытатын алго­ритм­­дер мен мазмұнды басқар­у­дың ұлттық стратегиясын әзірлеу маңызды.

Сонымен қатар мемлекет­тік тіл мен мәдениеттерді сақтауға бағытталған жасанды интеллектіні этикалық пай­даланудың әлемдік стандарттарын әзірлеуге белсенді қатысу – уақыт талабы. Қазақ мәдениетінің жаһандық цифрлық кеңістіктегі ұстанымын нығайту үшін мәдени мұра және цифр­лық дипломатия саласында түркі елдерімен және халықаралық серіктестермен бірлескен ЖИ жобаларын құру қажет. Бұл шараларды жүзеге асыру ұлттық бірегейлік пен қазақ тілін сақтап қана қоймай, белсенді түрде да­­мы­­туға, оларды заманауи цифр­­­лық технологияларға бірік­тіруге және елдің тұрақты мәде­ни, эко­номикалық дамуын қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ тілін ғылым тіліне айнал­дыру, қазақ тілінде жасанды интел­лект құру, ақпараттық жүйе­лерде мемле­кет­тік тілдің үлесін көбейту, ана тілін жаңа әдістермен оқыту мәсе­лелеріне басымдық береді. Универ­си­­тет ғалымдары бұл бағытта жеміс­ті еңбек етіп, ауқымды жоба­лар­мен айналы­сып жатыр. Был­тыр­дан бері ҚазҰУ ғалымдары «Қазақ тілін және технологиялық прогресті қол­дау үшін үлкен тілдік модельді (LLM) құру» мегажобасын іске асырып жатыр. Қазақ тілінің заманауи тілдік моделін құру бағытындағы жобаны ҚазҰУ, Назарбаев университеті, А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты, Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылы­ми-практикалық орталығы, Ақпа­раттық және есептеу техноло­гия­лары институтымен бірлесіп орын­дауға кірісті. Университет мем­лекет­тік тіл мәртебесін көтеру, ғылым саласы ретінде дамы­ту, жасанды интеллект жү­йе­­сін енгізу бағытындағы жұ­мыс­­тарды жүйелі жалғастыра береді.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор