Пікір • 19 Наурыз, 2025

Көкейдегі сұраққа жауап

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы құрылтайда көптің көкейінде жүрген бірнеше сұрақтың түйінін тарқатып берді. Үлкен экранға шығып жатқан картиналардың идеологиялық құрал екенін алға тартты. Президенттің «жеке қаржыға түсірілетін фильмдердің өзін сүзгіден өткізу қажет» дегені кәсіби киногерлер қауымына ғана емес қоғамға да оң әсер етті.

Көкейдегі сұраққа жауап

Сурет: qazaquni.kz

Қазір мәдениет­тен жұрдай, қарап отырып қысылатын, отбасыңмен көруге мүлдем келмейтін фильмдер баршы­лық. Кино ұлтты ұйы­тып, бола­шақ ұрпақты тәрбие­ле­у­ге тиіс.

Сондықтан Мемлекет бас­шысының Құрылтайда бұл мәселені көтергені өте орынды болды. Сапалы, сауатты, талғамы биік картиналар саны артқан кезде ғана отандық киноның еңсесі биік болады.

Ұлттық киноны қолдау мем­ле­кеттік орталығының жа­нындағы Сараптама кеңесінің негізі бағыт­ының бірі – әр жобаның сценарийінен бастап, өндіріске дейінгі кезеңді сүзгіден өткізу. Кино, әдебиет, өнер мен анимация саласының кәсіби мамандарынан құралған топтың қара қылды қақ жаратын әділетті болуы да басты талаптарымыздың бірі. Ол үшін Сараптама кеңесінің құрамы жаңартылып, тіпті дауыс беру механизмін де өзгерттік. Кеңес мүшесінің байқауға қатысып отырған кинокомпания өкілдеріне жақындығы бар ма, жоқ па, жалпы өндіріске қатысы бар ма, осының барлығы ескеріледі. Бұрын-соңды мұн­дай жаңашылдық болмаған. Сонымен қатар өткен жылдан бастап жаңа ереже қолданысқа еніп, бұл байқауды ашық өткізуге қосымша серпін берді.

Ең бастысы, сан емес – сапа. Сол үшін кино орталықтың Сараптама кеңесі тілдің таза­лы­ғына да ерекше мән береді. Экранда былапыт сөздер мен көзге қораш көрініп, көңілге қаяу түсіретін дүниелердің болмауын да қатаң қадағалайды.   

Біз мемлекеттік қаржы­лан­ды­руға үміткер фильмдерді қолдауды жалғастыра береміз. Кәсіби мамандардың ғана емес, жаңа есімдердің пайда болып, қазақ киносының көкжиегі кеңіп, қанаты қатая түссе деген мүддені де ешқашан естен шығармаймыз.

Кино – өнер әрі идеология. Ал идеологияның бас­ты күші – санаға төңкеріс жасау, игі істерді насихаттау. Адам­дық, ар ісіне адалдықты өз биі­гі­не көтеру. Бұл ретте Кино орта­лығы Құрылтайда айтылған дүние­лерді назарға ала отырып, осы мақсатта  еңбектенуді жал­ғас­ты­рады.

 

Құрманбек ЖҰМАҒАЛИ,

Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы