«Beeline Қазақстан» компаниясының ұзақ мерзімді «Шексіз мүмкіндіктер» республикалық қайырымдылық жобасының арқасында еліміз бойынша әлеуметтік мекемелерде ерекше білім алуды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалар 50 Мбит/сек жылдамдықтағы тегін интернетке қол жеткізетін болды. Биылғы жылғы жобаның алғашқы қатысушысы – «Кеңес» кешенді сауықтыру орталығы.
Құрылғанына 23 жыл толып отырған «Кеңес» кешенді сауықтыру орталығында бүгінде қозғалу, сөйлеу, ойлау қабілетінің ақаулары мен психикалық бұзылыстары бар балалар туылған сәтінен бастап 18 жасқа толғанша оқып, білім алады. Сауықтыру орталығы ауыр ауытқушылықтары бар балаларды қолдаумен, әлеуметтік бейімдеумен, әлеуметтендірумен, ықпалдандырумен айналысады, сондай-ақ, ерекше білім алу мұқтаждықтары бар балаларды қарапайым балалар ортасына қосумен айналысады. Cонымен бірге, аталмыш орталық бүкіл республика бойынша осындай дамуында әртүрлі ақаулары бар балаларға арналған авторлық әдістемелер үлгісін әзірлеп, таратады.
– Біздің орталықтың негізгі міндеті – осындай ерекше балалар үшін қоғамда қолайлы климат жасау. Біздің қызметкерлер 23 жыл бойы өз тәрбиеленушілерін сауықтыруда өз үлестерін қосып, кешенді жобалар дайындап келеді. Міне, осы қызметті атқаруда интернеттің мүмкіндігі мол. Онымен қоса, өзімізге қажетті маңызды ақпараттарды жинап, пайдалануға, сондай-ақ, тәрбиеленушілердің алдағы уақытта жұмысқа тұрып кетуі үшін компьютер үйретіп, интернет-сауаттарын ашуына да үлкен көмек болмақ. Біз Beeline компаниясына жаңа мүмкіншіліктер ұсынғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді орталықтың бас директоры Майра Сүлеева.
Аталмыш жобаға келсек, Beeline Business брендінің әлеуметтік бастамасы 2014 жылы іске қосылған. Нарықтың корпоративтік сегментіндегі бірегей бренд мобильді және тиянақталған қызметтер көрсетеді, оның бағдарламасы бойынша Павлодар, Алматы, Шымкент және Петропавл қалаларындағы әлеуметтік мекемелер жылдамдықты интернетке қосылған. Осы уақытқа дейін бір жарым мыңға жуық бала жылдамдықты интернетке қол жеткізсе, олардың арасында көру және есту қабілеті бұзылған, тірек-қозғалыс аппаратының сырқатына шалдыққан балалар да бар. 2015 жылдың соңына дейін республика бойынша 12 мекемені қосу жоспарлануда. Барлық мекемелер компанияның корпоративтік волонтерлік бағдарламасы шеңберінде Beeline қамқорлығындағы нысан мәртебесіне ие болады.
– Біздің әлеуметтік жобамыз – жұмысқа орналасуда өз құқықтары барысында туындайтын қиындықтарды жоюға бағытталған, – деп түсіндірді 2Day Telecom (TM Beeline Business) ЖШС-нің бас директоры Тұңғышбек Батталханов. – Айта кетерлік жайт, өткен аптада Қазақстанда «Мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенцияны бекіту туралы» заң жобасы қабылданды. Бұл – еліміздің жасаған үлкен қадамы, өйткені, заңның қабылдануы мүмкіндігі шектеулі адамдарға басқа азаматтармен қатар білімге, еңбекке, ақпаратқа және байланысқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
2Day Telecom ЖШС компаниясы «Үйдегі Интернет» және Beeline Business сауда маркаларымен ҚР аумағындағы жетекші тиянақталған байланыс операторларының бірі болып табылады. 2014 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Beeline қызметтерін 9,8 миллион клиент пайдаланып, 2DayTelecom ЖШС-нің «Үйдегі Интернет» қызметіне 300 мыңнан астам абонент қосылған.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».